«Ұмай» ипотекасына ₸20 млрд бөлінді
Әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекалық бағдарламасына өтінім қабылдау басталды. Бұл жолы тұрғын үй алуға 20 млрд теңге бөлінді. Бағдарламаны «Отбасы банк» Азия даму банкінің қолдауымен жүзеге асырып отыр. Ипотека арқылы қыз-келіншектер 50 млн теңгеге дейін несие ала алады. Жылдық мөлшерлеме – 14,8 пайыз. Ал жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 16,3-16,8 пайыз аралығында. Бастапқы жарна Астана мен Алматыда 20 пайыздан, ал өзге өңірлерде 15 пайыздан басталады. Бағдарламаға қатысу үшін отбасының орташа айлық таза табысы 1 млн 250 мың теңгеден аспауы керек. Сондай-ақ соңғы алты айдағы ресми табысын растау міндетті. Өтінімді «Отбасы банктің» ресми сайты арқылы онлайн немесе бөлімшелеріне барып беруге болады.
Несие қаражатына бастапқы және қайталама нарықтан баспана сатып алуға болады. Айта кетейік, бағдарламаның алғашқы кезеңінде өтінім қабылдау небәрі 7 сағатқа созылған еді. 31 тамыз күні банкке 855 өтінім түсіп, 9 млрд теңгелік қаражат лимиті толық игерілгендіктен, қабылдау тоқтатылды. Бұл жолы Азия даму банкі бағдарламаға қосымша 20 млрд теңге бөлді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы