Елімізде электронды денсаулық сақтау жүйесі 2019 жылдан жұмыс істей бастайды. Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз жиынында Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері мәлімдеді. Ең әуелі Қазақстанның 4 өңірінде есепке алу құжаттамасын қағазға толтыру тоқтатылады. Ал, 2018 жылдың соңына дейін еліміздің барлық медициналық ұйымдары электрондық ақпарат жүйесімен қамтылады. Республика көлемінде нақты цифрландыру жұмысы 2019 жылдың 1-қаңтарынан басталады деп жоспарланып отыр. Яғни, сол уақыттан бастап дәрігерлер қағаз форматындағы жұмыстан мүлдем босатылады. Әр азаматтың медициналық кітапшасындағы мәліметтер де электронды форматқа көшіріледі. Бұл бағыттағы жұмыс 2008 жылдан бері жүргізіліп келеді.
Олжас Әбішев, Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығының бас директоры:
- Қазір дәрігерлер пациенттің жағдайын сұрауға 30-40 минутын жоғалтатын болса, келешекте ол 3-4 минутқа дейін азаяды деген үміттеміз.
Ғабит ҰЗАҚБАЙ