Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, жер бетіндегі өлімнің негізгі себептері жүрек-қан тамырлары ауруына байланысты. Сондықтан, оның алдын алуға әлемнің дәрігерлері жұмылуы қажет. Бүгін Алматыда бас қосқан хирургтардың ортақ ойлары - осы. Ақ халаттылардың сөзінше, Қазақстанда да осы дерттен зардап шегіп отырғандар аз емес.
70 жасқа дейін аурудың не екендігін білмеген Төлеген Торғаев жүрек-қантамыры ауруына қалай шалдыққанын түсінбей дал. Соңғы жылдары жүректің соғу ырғағы бұзылып, күн өткен сайын жағдайы нашарлай бастаған. Сөйтіп, шұғыл тексеруден кейін оған күрделі операция жасалды.
Төлеген Торғаев, емделуші:
- Операция жақсы шықты, мен оларға ризамын. Маған қайтадан жүрек салып бергеніне, қайтадан өмір бергеніне қарыздармын. Қазір жағдайым жақсы.
Бауыржан Рақышев «Болашақ» бағдарламасымен Александр Бакулев атындағы Ресей медицина академиясы кардиохирургия ғылыми орталығында оқып, екі жылда мол тәжірибе жинап елге келді. Жас дәрігер алған білімі мен біліктілігін пайдаланып, бүгінге дейін 400-ден аса операция жасаған.
Бауыржан Рақышев, кардиохирург-дәрігер:
- Шетелден келген әртүрлі жаңа технологияларды енгізіп жатырмыз. Трансфертті технология дейді, шетелдегі жаңадан шыққан операцияның түрін біз осында әкеліп енгізіп жатамыз, осы біздің орталықтардан кейін басқа аймақтарға таралып жатады. Бұл да осы көптеген қаражаттың медицина саласына бөлінудің бірден-бір нәтижесі.
Жалпы, қазір елімізде жаңа технологияның көмегімен жүрек- қантамырларына кез келген күрделі операция жасалады. Дегенмен, дәрігерлер шұғыл хирургиялық көмек көрсету кенже қалғанын мойындайды. Себебі, жедел хирургиялық көмек дер кезінде көрсетілмегендіктен, аурудың жеңіл түрлері тез асқынып, созылмалы ауруларға ұласатын көрінеді.
Болатбек Баймаханов, А.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығының бас директоры:
-Біз соңғы бес-алты жылдың ішінде инновация, жаңа технология, жоғары мамандандырылған технология деп күнделікті жасап жатқан жұмысқа дұрыс көңіл бөлмейміз. 80 пайыз халықтың алып жатқан көмегі, хирургиялық көмекті жедел- шұғыл түрде алады. Сондықтан бұған көңіл бөлу керек.
Мемлекеттің негізгі байлығы адам болса, оның денсаулығын сақтау дәрігерлерге жүктеледі. Ал, заман талабына сай технологияны пайдалану - сала мамандарының жұмысын жеңілдетеді. Сондықтан, үнемі тәжірибе алмасу - медицина қызметкерлері үшін аса маңызды. Енді хирург-дәрігерлер шұғыл хирургиялық көмек көрсетудің ортақ әлемдік тәжірибесін елімізде іске асыруды қолға алмақшы.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ