Әні: Ержан Серікбаев, сөзі: Бақытжан Ауданбаев
Ауылда өстім, шаңына аунап, еркелеп,
Ұядан ұштым, қатайды қанат ертерек.
Асығып алдан, бақытым күтіп тұрғандай,
Армандар асқақ, қиялдар қилы жетелеп.
Қаланың мынау тамаша сайран-сауығы,
Жолдарын жуған нөсерлі жылы жауыны.
Бәрі де ғажап,
Сағынған кезде бірақ та,
Аңсарым ауып, іздедім сені, ауылым.
Қайырмасы:
Ауылым, аңсадым аппақ таңыңды,
Тұнық кешіңді, алма бағыңды.
Өзіңе барып, қуып сағымды,
Іздеймін бала, балғын шағымды.
Достармен бірге саялап сая-бақтарын,
Шаттыққа толы өткізіп қызық шақтарын.
Жадырап, жайнап, өтсе де жарқын күндерім,
Ауылды аңсап, жаныма сая таппадым.
Қайырмасы:
Ауылым, аңсадым аппақ таңыңды,
Тұнық кешіңді, алма бағыңды.
Өзіңе барып, қуып сағымды,
Іздеймін бала, балғын шағымды.
Көңілде тұрған жауап жоқ сансыз сұраққа,
Өзіңді іздеп, кеттім ауылдан жыраққа.
Ғашық болсам да қаланың айлы кешіне,
Ауылға туған жетпейді екен бірақ та.