Бұдан былай донор болу мәселесі заң бойынша бекітілмек. Жаңа Заң жобасы кез-келгенімізге донор болуды міндеттейді. Маңызды құжатты бүгін депутаттар мен дәрігерлер қызу талқылады. Заң жобасын қарау барысында дәрігерлер бірнеше ұсыныстарын жеткізді.
Бұл - жасанды жүрек. 2008 жылдан бері жүрегі сыр берген Саят Қарлығұловқа өткен жылы операция жасалды. Оның бұдан кейінгі өміріне донор табылғанша, тек осы «тілсіз» құрал ғана жауап береді.
Саят Қарлығұлов:
Бұл құрылғы үнемі өзіммен бірге. 12-14 сағат сайын қуат көзіне қосып отырамын.
Саят Қарлығұловқа жақын арада донор табылып қалуы да мүмкін. Донор болуды міндеттейтін жаңа Заң жобасын депутаттар мен дәрігерлер қызу талқылап жатыр. Құжат бойынша кез-келген адам көзі тірісінде донор болуға келісімін береді. Қиындық тек оның туыстары жағынан туындауы мүмкін.
Ерік Байжүнісов, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:
Келісім берген адам түрлі жағдайлар болып, апатқа түсіп қалып жатса, рұқсатты туыстарынан алу керек пе, керек емес пе, деген құқықтық мәселелер көп.
Елімізде 4 мыңнан астам адам ағзаға мұқтаж. Олардың арасында бесіктен белі шықпаған бүлдіршіндер де бар. Ең өкініштісі, ағзасын ауыстыруды қажет ететін сәбилер ұзақ өмір сүрмейді.Себебі, донор бала түгілі үлкендердің өзіне әрең табылады. Елімізде ағза беру мәселесін дамыту үшін мамандар донорды қаржылық қолдауды да ескермек. «Ал діни наным тұрғысынан келгенде, көп ойланудың қажеті жоқ», дейді құжат авторлары.
Ерік Байжүнісов, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:
Сауд Арабиясы мемлекеттерінде ағзаңды біреуге беруді Алланың алдындағы міндет деп есептейді. Мұсылман елдеріндегі донор мәселесінің қарқынды дамып келе жатқанының бірден-бір себебі сол.
Надежда Петухова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Қазір технологияның дамыған заманы. Бәрін жасауға болады. Жақында бір қаза болған ер кісі төрт адамның өмірін құтқарды. Сен біреуге ағзаңды беріп қана қоймайсың, бірнеше адамға өмір сыйлайсың. Бұл керемет емес пе?!
Бұл мәселенің қоғамның қызу талқысына түсетіні анық. Себебі, шет мемлекеттерде әбден дамыған бұл мәселе қазақ жұртына әзірге жат болып тұр. Ал құжат авторлары донорлыққа дайын.
Ал әзірге Саят Қарлығұловтың осы құрылғымен жүруіне тура келеді. Ол жаңа Заңның тезірек қабылданып, қолданысқа енгенін асыға күтеді. Оған дейін жасанды жүректің қуаты таймаса болғаны.
Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ