Магистратураға түсу емтиханын тапсыру кезінде ереже бұзғандар оқуға түсу мүмкіндігінен айрылуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Магистратураға түсу емтиханын тапсыру кезінде ереже бұзғандар оқуға түсу мүмкіндігінен айрылуы мүмкін

22.08.2019

Тест тапсырғанда заң бұзғандар бұдан былай қайта емтихан тапсыра алмаулары мүмкін. Тіпті, ақылы негізде. Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде магистратураға арналған кешенді тестілеудің қорытындысы жарияланды. Онда биыл біраз былықтың беті ашылғаны айтылды.

Магистратураның білімін меңгеріп, ғылыми дәрежеге ие болуды мақсат тұтқандардың кейбірінің сиқы осындай боп тұр. 1021 адам біліміне емес, телефонына сеніп келген. Түрлі электронды құрылғыларды жасырып өткендер қаншама. Ал 25 үміткер алаяқтыққа дейін барған. Олар өзінің емес, өзгенің біліміне сеніп, емтиханға бөгде адамды кіргізбек болыпты. Барлығының былығы ашылды. Аудиториядан қуылды.

Данияр Сабырбаев, ҚР Парасаттылық департаментінің директоры:

Ақтөбеде 121 тест тапсырушы келген. Ал олардан 130-дан астам телефон табылды. Демек, біреуі бірнеше смартфон ұстап келген ғой. Жалпы, емтиханға келгендердің барлығы өздерімен телефондарын ала келген. Металл іздегіш құрылғы болмағанда бәрі де пайдаланады деген сөз. Бұл — біздің қоғамның көрінісі.

Құқықбұзғандардың арасында өздері тәртіпті қадағалауы тиіс тәртіп сақшылары да бар. Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының бір қызметкері де алаяқтардың арам пиғылына ықпал еткісі келген. Алғашқы оқиғаға қатысты іс құқық қорғау органдарына жіберілсе, екіншісі жұмыстан шығарылды. Жалпы, тестілеудің төңірегінде түрлі қитұрқы әрекеттер соңғы кезде жиілеген. Өйткені, биыл магистратураға түсу форматы өзгеріп, тест тапсыру қиындай түскен. МысалыҒ былтыр 174 адам құқық бұзғаны анықталса, биыл оның саны 1000-нан асып кеткен. Сондықтан алдағы жылдары тестілеу ережесін бұзғандар магистратураға түсу мүмкіндігінен біржола айырылуы мүмкін. Мамандар талапты күшейтуге ниетті. 

Дидар Смағүлов, Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығы директорының міндетін атқарушы:

Осы ережеге өзгеріс енгізу қажет деп санаймын. Өйткені, өзінің орнына басқа адамды жіберсе, оған келешекте жол беру мүмкін емес.  мүмкін тізім болады. Оларға ешқашан мүмкіндік берілмейді. Бірақ ол — менің ойым. Ұсыныс енгіземіз.

Ал ешқандай талапты бұзбай, өз білімімен тест тапсырғандардың жалпы саны 12809 адам. Бөлінген грант - 12853. Демек, үміткерлердің 95 пайызы тегін білім алу мүмкіндігіне ие болады. 

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ

 

Хабарламаларға жазылу