Ақтөбелек полиция қызметкері магистратураға түсу үшін тест тапсырауға ағасын жіберген. Ал 4000 түлек тестілеуге телефон алып кірмек болыпты. Биыл Қазақстанда магитсратураға түсу форматы өзгерген. Нәтижесінде талай былықтың беті ашылып жатыр.
Адал болуға, Ата заңның талабын қатаң сақтауға ант-су ішкен тәртіп сақшысының әрекеті — бұл. Ақтөбелік полиция қызметкері жалған құжат жасатып, тестілеуге өзі кірмей, ағасын жіберген. Осылайша, бауырының «білімімен» Қарағандыдағы ІІМ-не қарасты академияға топ ете қалғысы келіпті.
Бұл бір ғана оқиға емес. Тестілеудің төңірегінде түрлі қитұрқы әрекеттер орын алып жатқаны әшкереленді. Өйткені биыл магистратураға түсу форматы өзгерді. Бұдан былай үміткерлер кешенді тестілеу тапсырады. Міндетті түрде. Және оларды алғаш рет сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері мен қоғам белсенділері бақылап жатыр. Сонымен, сынақтың бірінші күні 5000 үміткер тестілеуге келсе, оның 80 пайызы, яғни, 4000-ы телефон алып кірмек болған. Металл іздейтін арнайы құрылғының арқасында олардан тыйым салынған заттар анықталынып, алынды. Бірақ айласын асырғандар басқа да жолдармен телефондарын алып кірген.
Дидар Смағұлов, Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығы директорының міндетін атқарушы:
Өкінішке қарай, әртүрлі жолдар бар шығар. Біз тексереміз, олар кіреді. Кей ждерлерде фольга табамыз. Басқа да табамыз. Бірақ қалай өткенін бізге түсініксіз. Бірақ видеомен көріп, тоқтатамыз.
Өткен жылы 174 үміткердің тестілеу нәтижесі жоққа шығарылса, биыл екі күннің өзінде 423 адам аудиториядан қуылды. Енді олар үшін магистратура есігі жабық.
Асима Нұрбайқызы, тілші:
Алда тестілеудің әлі 5 күні бар. Дегенмен, телефон ұстап келгендердің қатары бүгін сәл де болса азайған. Бірақ өзінің орнына бөгде адамды жіберу, телефонды түрлі амалмен алып кіру тыйылмаған. «Мұндай заңсыздықтардың бірде-біреуіне көз жұма қарамаймыз»,- деп отыр мамандар.
Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ