Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығына баспасөз туры ұйымдастырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығына баспасөз туры ұйымдастырылды

19.07.2019

Білім беру мекемелерінде министрдің өзі кіре алмайтын кабинет бар. Ол бөлмеге сол мекеме басшысына да рұқсат жоқ. Ал сол жерде жұмыс істейтін мамандар ҰҚК өкілдерінің тексерісінен соң ғана ене алады. Бүгін журналистерге арнап, арнайы баспасөз туры ұйымдастырылды.

Бұл — мемлекеттік маңызы бар құпия орын. Журналистерге баспасөз туры арнайы ұйымдастырылса да, ішке енуге рұқсат бермеді. Тек сыртқы есіктен шығарып салды.  

Тап осы жерде Ұлттық бірыңғай тестілеудің сұрақтары дайындалады. Елдің әр өңірінен үздік деп танылған ұстаздар арнайы шақыртылып, түлектердің білімін сынайтын сауалдар сараланады. Өйткені тестілеу төңірегінен дау арылмай келеді. Қисынға келмейтін сұрақтар, дұрыс жауапты бұрыс қып қоятын нәтиже, тағысын тағы... Сол себептен мамандар қазір тестілеуді дайындауға талапты күшейткен.

 

Роллан Серіков, Тестілеуді ұйымдастыру және өткізу басқармасының басшысы:

Қорапшаның сырты да арнайы желімделген қағазбен бекітіледі. Егер де бұл қағаз бір рет ашылған болса онда мынадай жазу шығады. Оны қайтадан жапсыру мүмкін емес.

Ал сұрақ-жауаптар біреудің қолына түсіп кетпеу үшін қауіпсіздігіне басқа емес, ҰҚК қатаң бақылауына алған. Кабинетке мекеме басшысын да, министрді де жолатпайды.

 

Дидар Смағұлов, Ұлттық тестілеу орталығының басшысы:

Мен сол кабинетте ешқашан болған жоқпын. Министр мырза келсе, одан кешірім сұрап кабинетке кіргізе алмаймын... 

 

ҰБТ-ның сұрақтары жыл сайын жаңарып отырады. Сондықтан биыл аппеляцияға жүгініп, шағымданғандардың қатары 50 пайызға дейін азайған.

 

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ

 

Хабарламаларға жазылу