Білім саласындағы бірқатар мәселелер шешімін таппақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Білім саласындағы бірқатар мәселелер шешімін таппақ

12.04.2019

Жамбыл облысы денсаулық сақтау деңгейі бойынша өзге өңірлермен салыстырғанда әлдеқайда алда келеді. Аймақтағы ауылдарға дейін 100 пайыз медициналық мекемемен қамтылған. Дәрігерлердің біліктілігін арттыру бойынша кешенді шаралар қабылданған. Ал, білім саласында арагідік мәселелер бар. Оның бірсыпырасы бүгін Үкімет өкілдерінің қатысуымен болған жиында талқыланды.

Тараз тұрғындарымен болған кездесуде білім сапасына қатысты бірнеше мәселе көтерілді. Соның бірі - ағылшын тілінде оқыту жайы. Кейбір ата-аналардың айтуынша, оқушылардың шет тіліндегі үлгерімі төмендеген.

Салтанат Асанбекова, Тараз қаласының тұрғыны:

- Балаларымыз ағылшын тілін білмейді.

Салтанаттың көтерген мәселесіне қатысты жергілікті билік және Үкімет өкілдері тарапынан жан-жақты түсініктеме берілді. Үш тілде оқыту үдерісін жүргізу үшін ең әуелі білікті мамандар даярланады. Яғни, бұл мәселеде ешқандай асығыстық болмайды.

Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың айтуынша, өңірде білім сапасын жетілдіру бойынша кешенді жұмыстар атқарылуда. Бұған қосымша, «Әлеуметтік қамқорлық» шарасы аясында мыңдаған ұстаздың жалақысы көтеріліп, біліктілікті арттыру курстарынан өткізуге қызу дайындық жүріп жатыр.

Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» шараларында білім сапасын одан әрі көтеру жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Бірінші кезекте мұғалімдердің мәртебесін арттыру мәселесі тұр. Ұстаздардың материалдық жағдайын жақсартып, заманға сай әдістемелік құралдармен қамтуға басымдық берілуде. Жаңадан мектептер салынып, 180 колледж жаңғыртылады. Жамбыл облысы тұрғындары осы бағытта аймақта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат алды және жергілікті жердегі жауапты басшыларға халық тарапынан айтылған мәселелерді нақтылап, жауап беру керектігі жөнінде тапсырма берілді.

Ербол МӘНДІБЕК

Хабарламаларға жазылу