Басты Жаңалықтар Тәрбиешілердің статусы мұғалімдермен теңестірілетін болды

Тәрбиешілердің статусы мұғалімдермен теңестірілетін болды

Ал, педагогтарды қосымша жұмысқа салғандар заң алдында жауап береді. Бүгін Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Онда балабақшадан бастап, ЖОО-ға дейінгі мәселелер талқы таразысына түсті.

Келер оқу жылынан бастап тәрбиешілердің статусы өседі. Мұғалімдермен теңестірілмек. Яғни, бүлдіршіндерді даярлық сыныпта оқытатындардың деңгейіне де, еңбегіне де екпін беріліп, ескеріледі.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Тәрбиешілерді мұғалімдер категориясына көшіреміз. Осы мәселені жүзеге асыру мемлекеттік қаражатқа байланысты.

Жалпы, былтырдан бері мұғалімдердің еңбегі біліктілігіне қарай бағалануда. Атестаттаудан өткендерге 30-50 пайызға дейін қосымша ақы төленеді. Енді ваучерлік деген жүйе қарастырылуда. Яғни, біліктілікті арттыруға арналған курстарды мұғалім өзі таңдайды. Курстың қай түріне барамын десе де өз еріктерінде. Ал, мұғалімдер мәртебесіне арналған заң жобасы жақында сенаттың қарауына жіберілмек. Құжат қордаланып қалған бірқатар күрделі мәселелерді шешуі тиіс.

Елдос Нұрланов, Астана гуманитарлық колледжінің директоры:

- Енді өзіне тән емес жұмысқа тартқан, заңнамада қаралмаған есепті сұратқан, өз есебінен құрал-жабдыққа қаржы сұратқандар әкімшілік жауапқа тартылатын болады.

Тәртіп жоқ жерде білім жоқ. Оқушылар арасында төбелесу, әлімжеттік азаймай тұр. Тек былтырдың өзінде 2 мыңнан астам қылмыстық оқиға тіркеліпті. Қара тізімнің басында Ақтөбе, Түркістан, СҚО өңірлері тұр. Сол себептен, келер жылы барлық білім беру мекемелері бейнебақылау камераларымен толық жабдықталады. Ал, оқушылардың ұрып-соғу оқиғалары түсірілген видеолар енді желілерде дереу өшіріледі. Бұрын оған екі апта уақыт кетсе, енді бір сағаттың ішінде бұғатталады.

Ал, бұдан былай мектептің құрылысына қажетті қаражат бала санына байланысты бөлінеді. Осылайша бюджеттің ақшасын тиімді, жауапты жұмсау көзделген. Мектеп түлектерінің ЖОО-да тегін оқуларына мүмкіндік те молайды. Биыл грант 20 мыңға көбейіп отыр. Бұдан бөлек алдағы уақытта емтиханнан үш алған студенттерді де шәкіртақыдан айырмау мәселесі айрықша талқыланды. Бастама жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты азайтуға сеп болады, баға үшін оқу мәселесі жойылады. Министр Ерлан Сағадиев бұл ұсынысты алдағы уақытта қарастыратынын жеткізді.

Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу