Басты Жаңалықтар Жамбыл облысында оқушы қатарластарының қолынан қаза болды

Жамбыл облысында оқушы қатарластарының қолынан қаза болды

Жамбыл облысында соңғы үш күнде 2 оқушы қайтыс болды. Екеуі де қатарластарының қолынан ажал құшқан.

Оқыс оқиғаның бірі бүгін Тараздағы №47 орта мектепте болды. Үзіліс кезінде 9-сыныптың оқушылары өзге сыныптағы қатарласын мектеп дәретханасында соққыға жыққан. Кеуде тұсынан алған ауыр соққыдан тынысы тарылған жеткіншек жедел жәрдем келгенше көз жұмған.

Байжан Байгелді, облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары:

Жедел іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері кәмелетке толмаған күдіктіні анықтап, уақытша ұстау изоляторына қамаққа алды. Қазіргі уақытта қылмыстық істің толық обьективті және жан-жақты тергеуге бағытталған барлық қажетті тергеу іс-шаралары жүргізілуде.

Жұрттың жағасын ұстатқан екінші оқиға Шу ауданында болды. Көкқайнар ауылында 10 және 11-сынып оқушылары футбол ойнаған. Ересектер ұтылып қалып, төменгі сынып оқушыларын жұдырық астына алған. Соққы салдарынан бір бала жан тапсырды. Қазір осы екі оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатыр. 

Дәурен Бағжанов, бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл:

Қылмыстық кодекстің 106-бабымен іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Осы айдың 29-жұлдызында бала құқығы жөніндегі уәкіл Динара Болатова Закиевнаның төрағалығымен мониторингтік топ келе жатыр. Сол топ осы оқиға бойынша барлық мәселені зерттейді.


Бөлісу