Басты Жаңалықтар Ғылымға бөлінген мемлекет қаржысы қалтаға кетіп жатыр

Ғылымға бөлінген мемлекет қаржысы қалтаға кетіп жатыр

Ғылымға бөлінген мемлекет қаржысының біраз бөлігі тамыр-таныс пен туған-туыстың қалтасына кетіп отырған. Ғылымды дамыту комитетінің жұмысынан заңбұзушылықтар анықталды. Атап айтсақ, республикалық бюджеттен ғылыми жобаларды дамытуға бөлінген қаржыны комиссия өкілдері өздерінің жақындарына бөліп берген. Мұндай заңсыз әрекеттер Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі жүргізген тексерістің нәтижесінде белгілі болды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тексерісті былтыр қарашада өткізген. Нәтижесінде ғылыми жобаларды қаржыландыру жөнінде конкурстар дұрыс өткізілмегені анықталды. Өйткені, оған біліктілігі жоқ мамандар қатысқан. Ал, ұлттық ғылыми кеңестің мүшелері заңсыз сайланыпты. Бұл ретте, жиынға келген профессорлар да пікірін білдірді.

Жақып Мырзантай, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры:

- Университет басшылары 1 жылдың ішінде біз жазған мақаланы жинап алады да, ғылыми жұмыс атқардық деп, университетке, ғылымға бөлінген қаражатты ақтау үшін ұсынады. Бұл жерде жемқорлық жоқ дейсіз бе?

Заңсыз жұмыстардың нәтижесінде ғылыммен айналыспайтын адамдар Үкіметтің бюджетінен қаржы алғаны белгілі болды. Тіпті, түрлі конференция өткізу мақсатында 300 миллион теңгеге зал жалдаған.

Олжас Бектенов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары:

- Ғылым саласында жемқорлық әрекеттерге барған адамдардың әрқайсының заңбұзушылық әрекеттерін әшкерелейміз. Бұл жерде ештеңе жасырын қалмайды. Ғылыми жобаларға қатысты шешімдерге қол қойғандардың тексерісімен құқық қорғау органдары айналысып жатыр.

Министрлік өкілдері аталған жағдайға байланысты мәселелердің барын жасырмады. Алайда, оның себебіне қатысты нақты жауап бере алмады. Оның орнына комитет басшысы ғылым саласындағы биылғы жаңалықтармен бөлісті.

Рахымжан Нұрсейітов, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы:

- Ғылым комитеті саласынан ғылымды қаржыландыруға қатысты бірқатар жұмыс атқарылды. Биыл бірінші рет ғылым қаңтар айынан бастап қаржыланатын болады.

Ғылым саласындағы түйткілдер қашан да өзекті. Былтыр сәуір айында қазақстандық ғалымдар ғылыми гранттардың әділ бөлінбейтіндігіне шағымданған еді. Ал, агенттік өкілдері заңды бұзатын құжаттарға қол қойған кез келген қызметкер қатаң жазаланатынын жеткізді.

 Фариза МҰСАҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу