Теңіз саласы білікті отандық мамандармен толықпақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теңіз саласы білікті отандық мамандармен толықпақ

08.01.2019

Ресейдегі Астрахань Теңіз және өзен институтында білім алып жатқан қазақстандық студенттер елге кеме жүргізуші болып оралуды көздеп отыр. Жыл сайын жүздеген түлекке жолдама беретін оқу ордасы халықаралық сұранысқа ие кадрларды даярлау ісінде көш ілгері.

Елімізде су көліктерінің қыр-сырын бастан-аяқ жетік білетін білікті маман қашаннан тапшы. Осыны ескерген атыраулық Әділжан Ілияс Қазақстанға кеме жүргізуші болып оралмақ. Каспийдегі айлақтардың бірінде жұмыс істеуді көздейді.

Әділжан Ілияс, Астрахань Теңіз және өзен институтының студенті:

-Ақтауда жұмыс істегім келеді. Өзім 3-курста оқимын. Кеме жүргізушісі мамандығында. Басқаларға ұқсамайтын мамандық болған соң қызықтырды. Сол үшін осы мамандықты таңдадым.

100 жылдық тарихы бар білім ордасында бүгінде қазақстандық 138 студент білім алуда. Олар үшін арнайы Қазақстан сыныбы да ашылған. Жастардың көпшілігі биыл оқуларын тәмамдап, елге келмек.

Ольга Карташова, Астрахань Теңіз және өзен институтының директоры:

- Менің ойымша, кеменің қыр-сырын меңгерген мамандар кез келген мемлекетке керек-ақ. Бүгінде Қазақстандағы теңіз саласы қарқынды дамып келеді. Біз дайындаған мамандардың көпшілігі Құрық портында еңбек етуді мақсат етіп отыр. Студенттеріміз білімді, ертең білікті кадр боларына сенімдіміз.

Теңіз мамандарын даярлау - Каспий маңы елдері үшін жауапты шаруа. Осы бағытта көрші елдің көшбасшы оқу ордасы, Қазақстандағы Мұнай және газ институтымен екіжақты меморандумға қол қойды. Бұл құжаттың негізінде қос мемлекет білім саласында тәжірибе алмасуды нығайта түспек.

Жандос ТЕМІРҒАЛИ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу