Еліміздің мектептерінде мамандандырылған әскери-патриоттық сыныптар ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің мектептерінде мамандандырылған әскери-патриоттық сыныптар ашылады

30.10.2018

Бірақ, оған қатысу міндеттелмейді. Тегін әрі еркін түрде жүргізілмек. «Бірақ, ұйымды ұнамды етіп, балалардың оған қызыға қатысуына күш саламыз», - дейді Қорғаныс министрлігінің өкілдері. Қазірдің өзінде әр өңірде әскери-патриоттық клубтар жұмыс істейді. Енді солардың бәрін жүйелеп, бірыңғай форма кигізіп, ортақ әдістемеге көшіру көзделіп отыр. Былайша айтқанда, бойскауттар қатарын толықтыру.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бойскаут қозғалысы сияқты сарбаз балалар жасөспірімдер бірлестігін құрып, мектептерде әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейткен жөн. Қорғаныс министрі бұған атсалысады деп сенеміз.

Иә, идеяны 5 қазандағы Жолдауында Елбасы ұсынды. Скаутшылар жасөспірімдерді түгел дос, бауыр санайды. Міне, сондай бауырмал, Отанына адал азаматтарды баулу керек. Мұндай клубтар бар. 3000-ға жуықтады. Қамтылған оқушы саны 73200-ге жетеді. Енді бәрі «Жас сарбаз» республикалық балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысына бағынады.

Мұхамеджан Тасболатов, ҚР ҚК Бас штабы басшысының орынбасары, «Жас сарбаз» республикалық балалар мен жасөспірімдер қозғалысының төрағасы:

- Біз жол картасын жасап шықтық. Осы картаға сәйкес, жоспарлы жұмыстар атқарылады. Мемлекеттік органдар белгілі бір мөлшерде қаржы да бөлетін шығар. Ал, бастауыш әскери дайындық жетекшілеріне келсек, олардың рөліне қатысты мәселе талай көтерілді. Енді Елбасының Жолдауына байланысты оған ерекше көңіл бөлінеді деп есептеймін. 

Тек жетекшілерді жетілдіру емес. Әдістеме мен бағдарламасы, тіпті формаға дейін бірыңғайланады. Мысалы, оқушылардікі сияқты. Үстіндегі – сайын сары даламыздың түсі, жидесі мен бас киімдері көк. Ал, көкке біз көп нәрсені үйлестіреміз. Әскери клубтық киімге қыздар да қызығады. Сая солай келген.   

Сая Жақыпбек, №74 мектеп-гимназиясы «Астана ұландары» кадет сыныбының тәрбиеленушісі:

- Балалардың формада жүргендері, тәртіпті болғандары, түрлі жарыстарда орын алып келгендері, солардың бәріне қызықтым. 

Данияр Бекетов, №66 мектеп-лицейі «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубының взвод командирі:

- Тәртіптің не екенін және ҚР Қарулы күштерінің қандай екенін көріп, түсіндім. Өмірімді әскери саламен байланыстырамын.

Сонымен, тиісті министрліктер мен жергілікті атқару органдары әр мектептегі жастар бірлестіктерін бір жүйеге негіздейді. Яғни, «Жас сарбаз» республикалық қозғалысына. Сөйтіп, келер жылдан 8 мыңдай 1-сынып оқушысы әскери-патриоттық ұйымдарға тартылады.

 

Нысаналы ЫҒЫЛ 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу