Еліміздің мектептерінде әскери-патриоттық жүйе енгізіліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің мектептерінде әскери-патриоттық жүйе енгізіліп жатыр

10.05.2019

Яғни, жігерлі әрі жауапты, уәдесіне берік және айналасына көмегін аямайтын оқушылар қатары толығуда. Бұл шараға Елбасының былтырғы қазан айындағы халыққа Жолдауында айтылған ойы бастама болған. Нұрсұлтан Назарбаев 20-ғасырда қалыптасып, жаһанға танылған бойскаут қозғалысы сияқты жеткіншектер бірлестігінің керек екенін айтқан еді. Сөйтіп білім ордаларында «Жас сарбаз» сыныптары жаппай ашыла бастады.

 

Мұнда әскери қызметке әуес жеткіншектердің басы біріккен. Бәрі де «Жас сарбаз» қатарына ерікті түрде келді. Олар негізгі мектеп бағдарламасынан тыс уақытта темірдей тәртіпке бағынады.

 

Әнуар 9-шы сыныпта оқиды. Жас сарбаз атанғалы жат қылықтарынан арыла бастаған. Жауаптылыққа, шапшаңдыққа және қаруды шашып-жинауға үйренді.

 

Әнуар Жұмәділ, №74 мектеп-гимназиясы «Жас сарбаз» сыныбының тәрбиеленушісі:

Мен бұл жаққа дайындалу үшін келдім. Осы жақта дайындалып, «Жас ұланға» немесе «Арыстанға» барғым келеді. Одан кейін жоғарғы әскери оқу органына түскім келеді. Бұл - менің арманым.

 

Бүгінде елімізде 5650 «Жас сарбаз» сыныбы мен клубы бар. 7-10 сынып аралығында 170 мыңға жуық оқушы қамтылған.

 

Алайда, нағыз офицер билей де білуі керек. Жас сарбаздықтар ол жағынан да құр алақан емес.

 

Сейілхан Үйсінбеков, №74 мектеп-гимназиясы «Жас сарбаз» сыныбының жетекшісі:

Оларды тек Отаны алдында патриот болуға тәрбиелеу емес, сонымен қатар, адамгершілікке және қоғамда өздерін қалай ұстану керектігі туралы қосымша сабақтар өтеді. Ата-аналар да жақсы пікірлерін айтып жатады.

 

Иә, түрлі әскери клуб бұған дейін де болды. Бірақ, Әнуар секілді жеткіншектердің барып жүргені бір жүйеге негізделген. Әдістемелері де, формалары да бірыңғайланды. Бәрі «Жас сарбаз» республикалық балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысына бағынады.

 

Нысаналы ЫҒЫЛ

Хабарламаларға жазылу