Қарағандыда Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандыда Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны басталды

21.06.2022

Қарағандыда Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны басталды. Шараның ашылу салтанатына Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов қатысты. Биылғы сарбаздар сайысы балалар жылы мен қарулы күштердің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылған. Спасск әскери полигонында болып қайтқан тілшіміз Руслан Нұрланұлы патриоттық шараның ерекшеліктерін баяндайды.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

«Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны пандемияға байланысты 2 жыл қатарынан онлайн өткізілген болатын. Ал биыл 8-ші рет жалауын көтерген республикалық шара Спасск әскери полигонында ұйымдастырылған. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 600-ден астам жас өрен келіп қатысуда.

Салтанатты ашылуда әскери оркестр музыкалық композицияларды орындап, ән де шырқалды. Бұдан соң десанттық-шабуылдау ротасының көрсетілімі мен арнайы күштер тобының қатысуымен жауынгерлік ұрыс тәсілдері көпшілік назарына ұсынылды.

«Айбынға» келген 40 команданың осалы жоқ. Барлығы да әскери-патриоттық жиынға тас-түйін дайын. Олар әскери-қолданбалы және спорттық жарыстардан тұратын 11 түрлі байқаудан сүрінбей өтуі керек. Бұл шараның жастардың бойына отансүйгіштік қасиетті қалыптастырып, өз болашағын айқындауы жағынан шарапаты мол.

Милана Костромина, «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынына қатысушы:

Патриоттық сезімді оятады. Көрсетіліп жатқан әрбір әскери дайындық, саптың өзә де әскери тәртіпке бейімдейді. Жігерленіп қалдым. Қатты ұнады.

2015 жылдан бері 8 мыңдай жас өрен «Айбынға» қатысқан. Бұған дейін өткен жеті жиынның жеңімпаздары мен «Жас сарбаз» мамандандырылған сыныптарының түлектері биылғы шараға қонақ ретінде шақырылды. Олардың арасында әскери саланы таңдағандары да баршылық

Диас Нұртаев, Семей қаласы 5511 әскери бөлімінің взвод командирі:

«Айбын» әскери-патриоттық жиыны маған әскери болуға өте қатты әсер етті. Бүкіл қалаларда достарымыз бар, әскери қызметшілеріміз бар, таныстарымыз бар. Сонымен маған үлкен үлес қосты.

Мейірбек Меңдіғалиев, «Жас сарбаз» қозғалысының төрағасы:

Ерекшеліктері бұл балалардың осы жерге келіп кездескендері. Ол ең қымбат эмоциялар болып келеді деп ойлаймын. Жоғары оқу орындарныа түскеннің өзінде оларды біріктіретін бір алаң болды. Болашақ біздің патриоттарымыз Қазақстанды, елімізді тек қана биік белестерден көрсетеді деген сенімдемін.

Жиынға қатысушылар үшін мазмұнды мәдени ойын-сауық бағдарламасы дайындалған. Ал 24-ші маусым күні жиын жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтеді.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу