БҚО-да қазақ даласында алғаш ашылған мектептердің біріне 150 жыл толды
Қазталов ауданында Алма Оразбаева атындағы орта мектептің ашылғанына 150 жыл толды. Батыс Қазақстандағы шежірелі мектеп – қазақ даласында салынған алғашқы білім ошақтарының бірі. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жайықтықтар мерейлі мерекені кең көлемде атап өтті.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында Жайық өңірінде 7 мектеп бой көтерген. Солардың бірі Қазталов жерінде ашылған төрт жылдық білім ордасы. 1,5 ғасырлық тарихы бар мектепте бүгінде 600-ден астам оқушы білім алады. Атаулы күні халық ағарту ісінің озық қызметкерлеріне естелік тақта орнатылып, тарих және құқық кабинеті ашылды.
Мирболат Жақыпов, Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы:
- Осы класс жастарымыздың құқықтық жағынан тәрбие алуына айтарлықтай үлес қосады деп ойлаймыз.
Алтын ұяның түлектерімен мерейі үстем. 10 ғылым докторы, 18 ғылым кандидаты қанат қақты. Мерейлі күнге орай «Мектебім – ғасырлар куәсі» атты энциклопедиялық еңбек жарық көрді. Кітапты құрастыруға еліміздегі және Ресейдегі Орынбор мемлекеттік мұрағатынан құнды мәліметтер алынған.
Саида Сейітжанова, А.Оразбаева атындағы орта мектеп мұғалімі:
- Бірінші бөлім «Аймақтағы білім беру саласы» деп аталады. Екінші бөлім «Мектеп тарихы» және үшінші бөлім «Мектебім, менің мектебім» деп аталады. Бұл жерде әр жылдардағы мектеп түлектері өздерінің естеліктерімен бөлісіп, мектеп туралы пікірлерін, жылы лебіздерін білдірді.
Бір «әттеген-айы», мектеп ғимараты қазір апатты жағдайда тұр. 150 жылдық тарихы бар білім ордасы елімізде санаулы. «Шежірелі білім ордасының мәселесі тезірек шешілсе екен», дейді ауыл жұртшылығы.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
