Астанада «Білім берудегі инновациялар: ізденіс және шешімдер» атты халықаралық конференция өтіп жатыр
«Білім берудегі инновациялар: ізденіс және шешімдер». Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ұйымдастырумен Елордадағы №59 лицейде халықаралық конференция өтіп жатыр. Аталмыш жиын осымен бесінші рет ұйымдастырылды. Жиында Елбасы Жолдауындағы білім саласының басымдықтары талқыланды. Сондай-ақ, білім беру мазмұнын жаңартудың негізгі бағыттарының қалай жүзеге асырылып жатқаны сөз болды.
Қазақстанның білім жүйесі толықтай реформаланды. Ең күрделісі оқушыларға 3 тілді қатар меңгерту. Ол бойынша еліміздегі 300 мыңға жуық мұғалімнің 230 мыңы ағылшын тілінде білімдерін жетілдірді. Қазір олар 3 мыңнан аса мектепте физика, химия, биология, информатика пәндерін ағылшынша оқытып жатыр.
Шолпан Каринова, ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры:
- Орта білім саласында Елбасы барлық меткептерге НЗМ-нің озық тәжірибелерін енгізуді тапсырды. Биыл 3-6-8 сыныптар осы оқуға көшірілді. Оқулары жаңартылған оқу бағдарламаларының негізінде критериалдық бағалау жүйесімен іске асырылып келе жатыр.
Бағалау - қалыптастырушы және жиынтық болып екіге бөлінеді. Жиынтық бағалау, тарау аяқталғанда бір, тоқсан біткенде тағы бір рет сол кезге дейін не үйренді, не білді соны тексереді. Ал, қалыптастырушы бағалау - оқушының жеке дамуына ықпал етеді.
Сара Жұманова, Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА орта білім орталығының директоры:
- Қазіргі таңда мектептерде оқушыларға баға қойылмайды. Оқушы жаңа материалды іздену арқылы, сабаққа белсенді қатысу арқылы қандай деңгейде меңгерді соны өзі бағалайды. Сондай-ақ, оны сыныптасы да бағалайды. Жоғары әлде төмен деңгейде оқыды, келесі сабаққа қандай материалдарды жетілдіру керек екенін біліп кетеді. Оқушы баға үшін келмейді. Ол жаңа тақырыпты меңгеру үшін келеді. Ол білу үшін келеді.
Жиында шетелдік педагогтар да өз тәжірибелерімен бөлісіп, қазақстандық білім жүйесіне жоғары баға берді.
Наталья Вербицкая, педагогика ғылымдарының докторы:
- Қазақстандық білім жүйесінің ерекшелігі - ТМД-да алғаш рет үш тілділік жүйесін енгізіп, оны қарқынды дамытуында. Осының арқасында елдеріңіздің білім саласы дамыған Азия елдерінің құрамына еніп отыр. Сондай-ақ, Еуропаның білім жүйесін қиындықсыз игеріп жатыр.
Қазақстанның білім жүйесі 6 өлшем бойынша салыстырылатын халықаралық сараптама қорытындысы бойынша 63 елдің ішінен 29-орынға көтерілген. Оқушылар да әлемдік білім жарыстарында үздіктердің қатарында. 50 мемлекет қатысқан олимпиадаларда 27-орынға шықты. «Бұл - жаңартылған білім жүйесінің анық көрсеткіші», - дейді оқытушылар.
Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
