Астанада «KazRoboProject-2018» атты ғылыми сайыс басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада «KazRoboProject-2018» атты ғылыми сайыс басталды

21.06.2018

«KazRoboProject-2018». Астанада осындай атпен дарынды балалар арасында республикалық ғылыми сайыс басталды. 10-21 жас аралығындағы жастар робототехника саласындағы жобаларын конкурсқа қатыстырады. Ұйымдастырушылар олардың арасынан ең үздігін таңдап, жобасына қолдау көрсетеді. Білімі мен білігі бір-бірінен асып түсетін жас ғалымдармен Бақытжан Омар сұхбаттасып қайтты.

Әр роботтың өзіне жүктелген міндеті, қызметі бар. Мысалы, мына робот жеңіл-желпі тамақ дайындай алады. Әр минут сайын құймақтың екі жағын аударып,тағам әзір болғанда оны өзі табаққа салады. Ал, мына роботты болашақта құрылыста көріп қалуымыз әбден мүмкін. Жас ғалымдар әзірге оның шағын ғана жобасын дайындаған.

Сұлтан Айтжанов, ҚР Тұңғыш президенті-елбасы  қоры атқарушы  директорының орынбасары:

- Қатысып жатқан балалар мектеп оқушылары. 7-сыныптан бастап балаларды робототехника саласына қызықтыру. Олардың санын көбейту және сапасын көбейту.

Нұралы мен Жасұлан республикалық сайысқа өңірден бақ сынауға келген ғалымдар. Олардың «робот арба» жобасына қызықпаған жан жоқ. Дарынды балалар мүмкіндігі шектеулі жандардың болашақта қала ішінде емін-еркін қатынауына жағдай жасайды. Жоба бойынша роботтардың да қазіргі веложолдар сияқты өз бағыты болады. Нұралы мен Жасұлан мұның бәрін небәрі 3 сағатта дайындаған.

Нұралы Тоқберген, жас ғалым:

- Мүмкіндігі шектеулі адамдар өзі баратын мекемені таңдайды. Қалаған мекемесіне өзі жеткізеді.

Шарада көзге түскен тағы бір жоба - маңғыстаулықтардың дайындаған жасанды қолы. Адам бұл протезді өз ойымен басқарады. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін таптырмайтын құрылғы. «Жобаны қолданысқа енгізу үшін қомақты қаржы қажет», - дейді балалар. Қоғам үшін пайдалы роботтардың арасынан үздігін таңдау қазылар алқасына оңай болмайды. Десе де, Қазақ елінде мұндай жас ғалымдардың өсіп келе жатқаны көңіл қуантады.

 

Бақытжан ОМАР

Хабарламаларға жазылу