Мектеп оқушыларына бизнестің қыр-сырын меңгеріп, іскерлік сауаттарын жетілдіруге мүмкіндік туып отыр. Биыл «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен мектеп бағдарламасына «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәні енгізілмек. Мұндай пән еліміздің әрбір қаласында 10-11-сынып оқушыларына оқытылады. Элективті түрде енгізілетін бұл сабақ тәлімгерлерге ойын түрінде қызықты етіп түсіндіріледі. Осы мақсатта ұстаздарға шетелдік тәжірибе негізінде бизнес тренингтер өткізу жоспарда бар. Сондай-ақ, оқушыларға арнайы бизнес оқулық та дайындалып жатыр. Аталған пән «Бастау Бизнес» жобасының аясында іске асырылмақ.
Бауыржан Оразғалиев, «Атамекен» ҚР ҰҚП департамент директоры:
- Біз екінші жыл бұл жобаны атқарып жатырмыз. Қазіргі мақсат - 30 мың адамды бизнеске баулу, өзінің шағын кәсіпкерлігін ашуға жағдай жасау. Биыл 160 ауданды қамтып жатырмыз, яғни, жобамыздың ауқымы екі есе кеңейіп жатыр.
Индира ҚҰРБАНБАЙ