Мемлекет басшысының жаңа кітабы жарыққа шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысының жаңа кітабы жарыққа шықты

20.12.2017

«Тәуелсіздік дәуірі». Мереке қарсаңында дәл осындай атаумен Мемлекет басшысының жаңа кітабы жарыққа шықты. «Бұл кітаптың алдыңғы шығармалардан айырмашылығы неде?» деген сұрақ туатыны сөзсіз. Бұл көлемді кітапта мемлекетіміздің Тәуелсіздік жолындағы қалыптасу тарихы түгел жазылған. Жеке бір адамның өмірбаяны емес. Жер көлемі бойынша әлемде 9-орын алатын, әлемдік қоғамдастықтың толыққанды мүшесіне айналған Қазақстан атты үлкен бір мемлекеттің тарихы жазылған кітап. Кеңестік империяның соңғы жылдарынан бастап Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі күнге дейінгі жылнамасы толық қамтылған.    

Кітапта Кеңес Одағының ыдырау алдына тұрған сәті толық баяндалады. Империяның саяси және экономикалық күйзелісі асқынған кезеңі қарапайым тілмен жазылған. Қазақ елі үшін үлкен қауіптің де осы уақытта болғанын түсіну қиын емес.

«Көлемі жөнінен Кеңес Одағында екінші орын алатын республикаға қоғамдық жікке бөліну қатері төнді. Орталық Республика басшылығына тағайындаған Геннадий Колбин бұл қатердің алдын алуға дәрменсіз екені түсінікті болды. Ол апатты процестерді тоқтатындай көшбасшы болмақ түгілі, сауатты басшы да емес болатын. Түбегейлі саяси өзгерістердің уақыты келді». 

Нұрсұлтан  НАЗАРБАЕВ. «Тәуелсіздік дәуірі» кітабынан, 26-бет

КСРО-ның соңғы демі шығар сәтті басшылықта жүрген азаматтар бірден сезді. Әр ел өз дербестігі үшін күресе бастайды. Осы тұста 1990 жылы 25-қазанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылдайды.

«Шынтуайтына келгенде декларация құқықтық емес, саяси құжат болды. Оның ережелерінің ешқандай заңдық күші болған жоқ. Қазақстанның егемендігіне тек конститутциялық акт ғана заңды негіз бола алатын еді. Десе де, декларацияның баға жетпес символдық мәні бар болатын, ол бізге Тәуелсіздікке бастайтын жолды ашып берді».

Нұрсұлтан  НАЗАРБАЕВ. «Тәуелсіздік дәуірі» кітабынан, 30-бет

Әлем картасында жаңа мемлекеттің пайда болуына аз ғана уақыт қалған кез. Дәл осы тұста халықтың ынтымағы мен бірлігі және бір жерден шығар таңдау шешімі аса қажет болды. Кітапта осы уақытта елде орын алған саяси оқиғалар жан-жақты тарқатылып жазылған.

«Қазақстанда тұңғыш бүкілхалықтық президент сайлауы 1991 жылы 1-желтоқсанда өтті. Бұл – Кеңес Одағының ақтық демі таусылар кездің қарсаңы болатын, оның экономикасы да біржола күйреп жатты. Қараша айында сайлаушылармен кездескенде проблемалардан қашқақтауға тырысқан жоқпын, популистік уәделер де бермедім, керісінше, адамдармен ашық әңгімелестім. Сайлаушыларыма елді ауыр сынақтар күтіп тұрғанын, одан қалай да өту керектігін, себебі, Тәуелсіздік пен игілікке жетудің ептеп айналып өтетін басқа жолы жоқтығын түсіндірдім».

Нұрсұлтан  НАЗАРБАЕВ  «Тәуелсіздік дәуірі» кітабынан, 32-бет

Бұл кітап ең әуелі келер ұрпаққа қажет. Өйткені, үлкен империяның ыдырап, жаңа мемлекеттің пайда болу дәуірінде қым-қиғаш оқиғалар көп болды. Сол үшін адаспай, тарих таспасына діл түсу үшін бұл кітаптың маңызы зор.

Максим Споткай, «Электрондық партия» медиа редакциясының басшысы:

- Жалпы, 90-жылдары қандай жағдай болғанын біз бәріміз білмейміз. Себебі, мысалы, мен Тәуелсіздіктің құрдасымын. Мен туған кезде осындай еліміз үшін ерекше маңызды оқиғалар болған екен. Оның барлығын біз сол кітаптан оқуға мүмкіндігіміз бар. 

«Тәуелсіздік дәуірі» деп алатын кітаптың салмағы мен көлемі қандай болса, ішкі мазмұны да соған сай. «Тәуелсіз Қазақстан қалай қалыптасты, қандай жолдардан өтті?» деген сауалға осы кітаптың негізімен толық жауап алуға болады.

 

Ғабит ҰЗАҚБАЙ

Хабарламаларға жазылу