Басты Жаңалықтар Сенат рақымшылық туралы заңды мақұлдады

Сенат рақымшылық туралы заңды мақұлдады

Елімізде 15 мыңнан астам сотталған азаматқа рақымшылық жасалады. Сенат жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты әзірленген заңды мақұлдады. Заңға сәйкес, қылмыстық теріс қылықтар мен ауырлығы жеңіл қылмыстар жасаған азаматтар жазадан босатылады. Дегенмен амнистия террористік және экстремистік қылмыс жасағандарға, жемқорларға, азаптау фактілері бойынша істі болғандарға, сондай-ақ  зорлық-зомбылық көрсеткендермен өмір бойына түрмеге қамалғандарға қолданылмайды. Заң аясында тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы әкімшілік рақымшылық та жүзеге асады. Соның нәтижесінде азаматтар мен кәсіпкерлердің орындалмаған әкімшілік айыппұлдарының бір бөлігі кешіріледі. Алдын ала есеп бойынша рақымшылық 15 300 адамды қамтиды. Оның ішінде 4 жарым мыңға жуық азамат жазадан толық босатылса, 10 мыңнан астам адамның жаза мерзімі қысқартылады.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Президентіміз жаңа Конституцияның қабылдануына орай қылмыстық және әкімшілік рақымшылық жасауды тапсырды. Заңдар аясында соттардың қарауындағы тоқтатылатын, сондай-ақ жазадан босатылатын істердің санаттары айқындалды. Сонымен бірге алғаш рет әкімшілік рақымшылық жасалады. Бұл заңдарды тәртіп бұзуға жол берген адамдарға қоғам мен мемлекет тарапынан жасалған гуманистік қадам деп қабылдаймыз.

Әкімшілік рақымшылыққа іліккен азаматтарға айыппұлды есептен шығару үшін ешқандай өтініш берудің қажеті жоқ. Барлық рәсім автоматты түрде жүргізіледі. Жоспар бойынша жұмыс алты ай ішінде аяқталады. Жалпы әкімшілік амнистия бір миллионға жуық айыппұлды қамтиды.

Мұрат Қадырбек, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Жеке азаматтарды, жеке кәсіпкерлерді, сонымен қатар адвокаттарды, сот орындаушыларын, жеке нотариустарды осы әкімшілік жауапкершілікке тартып, айыппұлдардан босату мәселесі заңда қарастырылып отыр.
Бөлісу