Бұл туралы алматылық ұстаздармен кездескен Білім және ғылым министрінің орынбасары Бибігүл Асылова айтты. Оның айтуынша, жаңа жоба орта білім берудегі бәсекелестік пен оқу бағдарламасының сапасын арттырады.
«Орта білім беруді жан басына шаққандағы қаржыландыру» елімізде алғаш рет 2013 жылы енгізілген. Қазір республика бойынша 73 мектеп осы жобамен жұмыс істеп жатыр. Ал, Алматы облысында орналасқан 4 мектеп директорының айтуынша, аталған бағдарлама енгізілгелі мұғалімдердің көбі балалармен белсенді түрде қосымша сабақтар өткізе бастаған. Өйткені, бұл жобада ең бірінші ұстаздың еңбегі бағаланады.
Алмагүл Асанова, №49 жалпы білім беретін орта мектептің директоры:
- Жан басына қаржыландырудың ең басты ерекшелігі - ұстаздың әрбір еткен еңбегіне қосымша ынталандыру сыйақысын беріп отыру.
Қаржыландырудың бұл әдісі бойынша әр оқушыға бөлінетін қаржы 200 мың теңгенің көлемінде болмақ. «Бұл мектеп автономиясының өсуіне мүмкіндік береді», - дейді мамандар. Өйткені, мұғалімнің еңбекақысы енді тек сағат санына байланысты емес, қосымша сабақтарға қатысты төленеді. Сондықтан, оқушыларға көп көңіл бөлген мұғалімнің еңбекақысы да артады.
Бибігүл Асылова, ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары:
- Мектептер оқушылар үшін күресетін болады. Бұл оқу сапасының артуына сеп болады. Яғни, оқушылар халықаралық олимпиадаларда, түрлі қоғамдық сайыстарда жеңіске жетсе, оны тәрбиелеген жетекшіге ақша төленеді. Сондықтан, ұстаздар оқушыны қызықтыруы үшін түрлі әдістемелермен жұмыс істеуге ұмтылады.
Аталған бағдарлама келесі жылы пилоттық жоба ретінде колледждерге де енгізілмек. Ал, колледждерде қазір «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім» жобасы нәтижелі жұмыс істеуде. Осы арқылы жыл басынан бері 80 мыңға жуық адам жергілікті бюджет есебінен тегін білім алу мүмкіндігіне ие болған.
Төлеуғали Тайтүлеев, Алматы Мемлекеттік энергетика және электронды технологиялар колледжінің директоры:
- Биыл 50 бала қабылдадық. Ал, мемлекеттік тапсырыс 400 адам болды. 400 адамның 350-і мемлекеттік тапсырыс бойынша, 50 адам тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Міндетті түрде үлгеріміне қарамай, шәкіртақы береміз.
Бағдарлама негізінде 2021 жылға дейін 720 мың адамды оқыту көзделіп отыр. Жоба аясында тек жастарды оқыту емес, колледждердің техникалық мүмкіндігін дамытып, оларға халықтың қызығушылығын ояту жоспары тұр. Осы мақсатта биыл 300-ден астам колледж басшылары біліктілікті арттыру курстарынан өткен.
Амангелді СЕЙІТХАН