Шығыс Қазақстан облысында бір топ бала мемлекеттік тілді жаздық лагерьде меңгеруде. Олар - жексенбілік мектептерде қазақ тілін оқып жүрген өзге ұлт жастары.
Облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқарма жаз уақытында балаларды тілдік лагерьге жіберуді дәстүрге айналдырған.
Басты мақсат - елімізде тұратын өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілге деген қызығушылықты арттырып, қазақ тілін үйрету.
Биыл бұл лагерьге 7 және одан да жоғары жастағы 15 балаға тегін жолдама берілген. Олар Бұқтырма су қоймасының жағасында орналасқан лагерьде 10 күн тынығады.
Надежда Шушаникова, қазақ тілін оқыту орталығының оқытушысы:
Сабағымыз еркін, ойын түрінде өтеді. Мұндай сабақтың тиімділігі, біріншіден, балалар өзін еркін сезінеді. Екіншіден, мектептегі сабаққа қарағанда, нәтижесі жақсы.
Берік КӨШЕРБАЕВ