Қарағандыда жаңа жатақхана пайдалануға берілді

14.07.2014
Қарағандыда жаңа жатақхана пайдалануға берілді

Қарағандыдағы Мемлекеттік техникалық университеттің жаңа жатақханасы пайдалануға берілді. Бұл - еліміз Тәуелсіздік алғалы мемлекеттік бағдарлама аясында салынған ең үлкен әрі әмбебап студенттер үйі.

«Армандастар ордасы» деп аталатын  кешеннің ашылу салтанатына министр Аслан Сәрінжіпов  қатысты.

Бұрын техникалық университетте жатақхана мәселесі қиындау еді. Енді жаңадан ашылған ғимарат  ауылдан немесе алыстан келіп оқып жатқан 822 студентке мекен болмақ.

Президенттік «Студенттер тұрғын үйі» бағдарламасы аясында жатақхананы  салуға 1,5 миллиард теңге жұмсалды.

Жастар үшін осындай қамқорлық пен қолдаудың көрсетіліп жатқанына олар дән риза.

Асылхан Мәженов, магистрант:

Студенттерге ерекше мән беріліп отыр. Бізге қазір оқуға, білім алуға барлық жағдай жасалған. Ішінде интернет, жатын орындарының барлығы заманауи технологиямен жабдықталған.

Дария Хамитжанова, студент:

Интернет, кір жуу бөлмесі бар, барлық жағдай жасалған. Бұл - ҚарМТУ студенттері үшін  үлкен қуаныш. Үйдегіден кем емес жағдай жасалған, десе де болады.

Жатақхана заманауи инфрақұрылымымен ерекшеленеді. Мұнда сымсыз интернет, мәжіліс залы, екі бірдей мультимедиялық дәрісхана мен 60 орындық  асхана  және медициналық қызмет бөлмесі бар.

Жатын бөлмелерінің іші кең әрі жарық. Жатақхана оқу мекемесі мен спорттық кешеннің дәл жанында орналасқан.

Арыстан Ғазалиев, Қарағанды Мемлекеттік техникалық университетінің ректоры:

Бізде бір ғана жатақхана болды. 10 адам жатақханаға тұрғысы келсе, соның біреуіне ғана орын беріп жүрдік. Енді міне, үлкен күрделі іс атқарылып жатыр.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев оқыған бұл жоғары оқу орны бүгінде халықаралық дәрежеде теңдессіз білім беретін алтын ұяға айналды.

Тау-кен, машина жасау және қазіргі жаңа жұмысшы мамандықтар бойынша жыл сайын көптеген түлектерді тәрбиелеп шығарады.

 Білім және ғылым министрі оқытудың инновациялық жетістіктерімен, әмбебап зертханалармен жабдықталған университеттің тыныс-тіршілігімен толықтай танысып шықты.

 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу