Қазақстандық студенттердің үшінші құрылтайы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық студенттердің үшінші құрылтайы өтті

07.06.2014
Қазақстандық студенттердің үшінші құрылтайы өтті
 
Бейжіңде қазақ жастарының кезекті құрылтайы өтті.   Білім және ғылым министрлігі мен Халықаралық бағдарламалар орталығының бастамасымен құрылтай биыл үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Бас қосудың мақсаты - Қытайда, жалпы шетелде білім алушы қазақстандық студенттерге ортақ ақпараттық алаң құру.  
 
Халықаралық бағдарламалар орталығы мен Қытайдағы қазақстандық Студенттер ассоциациясының ұсынысымен жыл сайын құрылтай өткізіледі. Бұл шараның басты мақсаты - шетелдегі жастарды бірлікке, ұйымшылдыққа шақырып, патриоттыққа тәрбиелеу болып табылады. Жастарымыз жырақта жүргенде жиі ұшырасатын мәселелер мен өздерін толғандыратын ойларын аталмыш жиында ашық талқылайды. Қытайда білім алатын шетелдік студенттер арасында қазақстандықтар ең белсенді, ұйымшыл студенттер санатында.
 
Бағдат Сейітбатталов, ҚР ШЫҰ тұрақты өкілі:
Қазіргі таңда ҚХР-да 11 200-ге тақау қазақстандық студенттер оқып жатыр. Студенттер осы Қытай елінде білім саласында жақсы көрсеткіштер көрсетіп келеді. Беделдері жылдан жылға арта түсуде. Және сыйлы.
 
Жылда құрылтайға Қытайдың бес қаласынан студенттер келетін болса, биыл екі есе көбейді. Яғни, құрылтайдың мәртебесі артты, ауқымы ұлғайды. Ал «елім» деп жүрген елгезек жастардың қатары толыға түсті.
 
Мархабат Оспанқұлов, Тоджи университетінің студенті:
«Қазақстан-2050» стратегиясында студенттерге, жастарға көп көңіл бөлінген. Сондықтан, осындай құрылтайлардың жиі өткізілуінен үміттенемін. Бұл жастарды патриоттыққа тәрбиелейді.
 
Жанәділ Дүйсебаев, Далян университетінің студенті:
Бұл құрылтай маған өте үлкен әсер қалдырды. Лайым, қазақ бауырларым бас бірлігі тарамай, мәртебесі арта берсін деп тіледім.
 
Бас қосуда «Қазақстан-2050» стратегиясын іске асыру, жастар саясаты, білім сапасын арттыру секілді өзекті мәселелер талқыланды. Студенттік ұйым жетекшілері өзара ықпалдастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Жиын соңында Қытайда оқып жүріп, отау құрған студенттің Айқын есімді тұңғыш перзентінің тұсауы кесілді. Тәй-тәй басқан сәбиге де, студенттердің жас ұйымына да «Құтты болсын» деп тілек айтылды.
 
Дәурен БАУЫРЖАНҰЛЫ
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Хабарламаларға жазылу