Компьютерлік жобалар жарысы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Компьютерлік жобалар жарысы басталды

28.03.2014
Компьютерлік жобалар жарысы басталды
Ақпараттық әлемдегі тың жаңалықтарды қамтыған білім додасы Алматы облысындағы Сүлеймен Демирел атындағы университет іргесінде басталды. Екінші мәрте жалауын көтерген білімгерлер сайысында қандай нанотехнологиялар бар?
 
Биылғы жарыстың тақырыбы ауқымды. Бейнероликтер жасау барысында ата-ана мен бала қарым-қатынасына ерекше мән берілген. Суицид меңдеген мына заманда бала тәрбиесіне терең үңілу қажет.
 
Жамандықтың алдын алсақ, саналы ұрпақ көбейеді. Ел дамуының басты кілті -осында. Жамбыл облысынан келген 11-сынып оқушысы Бақыт Төлегенова түйткілді мәселені қысқаметражды фильмінде қамтыған. Компьютерлік графикалармен әспеттей отырып, қоғамға ой салды.
 
Бақыт Төлегенова, 11-сынып оқушысы (Тараз):
Жобаның идеясы жақсы. Орын аламын деп ойлаймын. Елбасы айтқандай, дамыған елдер қатарынан көрінуіміз қажет.  
 

 

 Ирактың Дхук қаласынан келген Ибрахим Зиат Ибрахим мына тікұшақты жасау барысында фото, бейнекамера сынды бірнеше сенсорлық жүйенің басын біріктірген.
Іске қосылысымен айналасындағыларды суретке түсіріп, ақпарат жинап үлгерді. 
 
Әсіресе, 1 шақырым биіктіктен қалықтап ұшқанда түрлі төтенше жағдайдың алдын алуда таптырмайтын құрал.   
 
Ибрахим Зиат Ибрахим, 10-сынып оқушысы (Ирак):
Халыққа тиімді жоба. Көлік апаты болған жағдайда нөмірлерді анық түсіріп, полиция қызметкерлерінің жұмысына көмектесе алады. Қатысушыларды таңқалдырады деген ойдамын. 
 
Нұрлыбек Сейітқұлов, Сүлеймен Демирел атындағы қазақ-түрік университетінің проректоры:
Бұл - жастардың болашаққа деген үлкен қадамы.  25 мемлекеттен келіп отыр. 110 жоба алынып отыр. Мақсаты - қазіргі жастардың білім деңгейін, инновациялық ақпараттық жетістіктерге жету мәселесін қарастыру.
 
Ақпараттық технология, бағдарлама жасау, роботты техника, дизайн және қысқаметражды бейнероликтер аясында білім-біліктерін көрсеткен үздіктер екі күннен соң анықталады. Топ жарған 70 отандық жеңімпазға мемлекеттік тегін оқу гранттары бөлінеді. Қосымша оқушылардың ғылыми ізденісін әрі қарай жалғастыруға қаржылай демеу көрсетіледі.
 
Айгүл ЕРМАХАН

Хабарламаларға жазылу