Айтпақшы, осы Маңғыстау облысы Батыр ауылының балалары жаңа мектепте оқуын үшінші тоқсанда бастаған болатын. Бұл - оқу жылындағы ең ұзақ тоқсан. Сол себептен шығар, оқушылар оны тезірек өткізуге тырысады. Астаналық шәкірттер бұл тоқсанды қалай өткізетінін келесі бейнематериалдан көріп білейік.
Жылқы жылдың алғашқы тоқсаны, әрі оқу жылының ең ұзақ тоқсаны басталды. Есігімізден ентелеп енген үшінші тоқсанның да толағай табысты болары сөзсіз. Әрине, оқушылар үшін бұл тым қиын кезең болып көрінуі мүмкін. Бірақ, Аружан Балықберді олай ойламайды. Ол үшінші тоқсан ең шешуші кезең, яғни, бұл тоқсанда нашар бағаларыңды түзетуге мүмкіндік мол дейді. Өткен тоқсанда жіберген олқылықтың орнын осы жолы толтырамын, деп бел буыпты оқушы.
Аружан Балықберді, оқушы:
Мен каникулда өзімнің дайындығымды сынап жүрмін. Үшінші тоқсан шешуші тоқсан. Сондықтан, мен осы тоқсаннан қорыққан жоқпын. Осы тоқсанда өз мүмкіндіктерімді көрсетіп, 5-ке шығамын деген үмітім бар.
Үшінші тоқсан 9 қаңтар мен 20 наурыз аралығында өтеді. Мамандардың айтуынша бұл тоқсанның ерекшеліктері жетерлік. Мұғалімдер оқушыларға арнап сабақты жеңіл, әрі қызықты өткізу мақсатында түрлі жобалар дайындапты. Артқа карап бой, алдыға қарап ой түзейтін оқушылар үшін әр мезгілдің арқалатар салмағы аз болмайды. Бұл мамандар пікірі.
Динара Кәмерова, №15 мектеп-лицейінің бастауыш сынып бойынша оқу ісінің меңгерушісі:
Оқушылар бірінші тоқсанда демалыстан кейінгі қалыптасуды өткереді, екінші тоқсан тым қысқа. Осы үшінші тоқсанда балалардың білімін анықтай аламыз. 1-сыныптар үшін ақпан айында бір апта демалыс беріледі.
Жалпы, Астанада 93 мыңға жуық оқушы бар. Оның ішінде 11 мыңнан астамы бірінші сыныпта оқиды. Елордада 11 142 мұғалім жұмыс істейді. Енді олар бұрынғыдан да қызу жұмысқа кірісті. Ұстаздар білімнің сапасын арттыру жолында біліктілігін көтеруды ойласа, Аружан Балықберді сынды оқушылар осы оқу жылын үздік аяқтауды көздеп отыр.
Индира БЕГАЙДАР