Астана қаласының қалыптасу тарихы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана қаласының қалыптасу тарихы

06.07.2018

Сәні мен сәулеті үйлескен елорданы салудың мәні тереңде. Қазіргі Астана байырғы Бозоқ қаласының заманға лайықталған мұрагері. Яғни, орта ғасырда Қыпшақ хандығының Бозоқ деп аталған астанасы бүгінгі орталықтан 5 шақырым қашықта салтанат құрған. Алаш арыстары да осы Арқа өңірінің Қараөткелінде университет ашып, қазақтың ұл-қыздарын оқытуды армандаған еді. Сонымен қазаққа құтты орда боларлық жаңа Астана салу туралы Елбасы 1992 жылы ойланғанын айтады. Бірақ, идеясын экономика түзелгеннен кейін іске асыруды көздеп, жан баласына сырын ашпайды. Арада тек 2 жыл өткенде мақсатын жалпыға жайып салды. 

Неге Елбасы таңдауы Алатау бөктерінен Сарыарқа төріне түсті? Өйткені, Есіл өзені оны еліткен. Әлемде өзен жағасына жайғасқан астаналар аз емес. Мәскеудің өзі аттас өзені бар. Сена бойында Париж тұрса, Темза Лондонға көрік беріп тұр. Ал, Астана-Еуразия жүрегінен орын тепкен. Тоқ етері қала географиялық тұрғыдан ажарлы әрі ұдайы дамуға қолайлы. Тараптармен экономикалық қатынас орнатуға тарам-тарам жолдары әуелден әзір. Оның үстіне жаңару-жақсы үрдіс. Сөйтіп, Тәуелсіз елдің өркендеу мен өрлеу дәуірі – жаңа Астанамен тығыз байланысты еді.

Еңселі елорданы тіктеу 32 өлшемге сәйкес жүргізілді. Табиғи, сейсмикалық, экономикалық, стратегиялық жағдайлары мен еңбек ресурстары бәрі-бәрі ескерілді. Сөйтіп, сүреңсіз ескі ғимараттар сүріліп орнына Астанада алғашқылардың қатарында 9 шағын аудан салынды. Сол кезде тұрғын үй құрылысын дамытуға 50 млн. бөлінді. Артынша арнайы экономикалық аймақтар ашылып, олжалы келіссөздер бекітіліп жатты. Астана бірден халықаралық қауымдастыққа танылды. 1997 жылы ЮНЕСКО-ның «Бейбітшілік қаласы», деген атағын алды. Айтса айтқандай жасампаз қала 20 жылда тек бейбітшіл емес, бәсекенің де, бітімгерліктің де нышанына айналды.

Нысаналы ЫҒЫЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу