Astana Hub мүмкіндіктерін көрсетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Astana Hub мүмкіндіктерін көрсетті

03.07.2018

Елорда 20 жылдың ішінде Қазақстанның инновациялық орталығына айналды. Бүгін өз мүмкіндіктерін таныстырған Astana Hub технопаркі инновациялық жобаларды қолдау және өнертапқыштар мен инвесторларды байланыстыру қызметтерін атқарады. Лайықтыларына демеушілер тауып, жобаны жүзеге асыруға атсалысады.

Бүгінгі шарада жас ғалымдардың туындыларын таныстырып, үздіктерін марапаттады. Ұсынылған жобалардың ішінде түрлі салаларда пайдаланылатын технологиялар бар. Жас өнертапқыштар ас үйде пайдаланылатын, биік ғимараттардың сыртын жуатын, тіпті, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған роботтарды да таныстырды.

Асқар Жұмағалиев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

- Жас өнертапқыштармен әңгімелесіп, Астана жаңа технологиялардың орталығы болатынын тағы бір сезіндім. Еліміздің алдында тұрған мақсатқа нық қадам басып келе жатқандығымызды түсіндім. Олардың барлығының көзінде жалын бар. Әрине, алдағы уақытта бірқатар заңнамалық өзгерістер енгізуіміз керек. Бірақ, мұндай пайдалы әрі тиімді бастамалар кез келген жағдайда өзінің қажеттілігін дәлелдеп шығады.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

- Astana Hub озық технологиялардың орталығына айналатындығына сенімдімін. Қазіргі уақытта инвесторлар тек нақты жүзеге асып жатқан жобаларды ғана емес, болашақтың еншісіндегі жұмыстарға да қаржы құйып жатыр. Бұл өте жақсы. Бүгінгі заманда біз тек заманауи технологиялардың арқасында ғана жан-жақты дами аламыз.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу