Елбасы жаңа нысандарды аралады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы жаңа нысандарды аралады

02.07.2018

Астананың 20 жылдығына орай елордада жаңа нысандар ашылып, халық игілігіне берілуде. Соның ішінде аймақтардың дайындаған сыйлары ерекше. Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев солардың бірқатарын аралап көрді. Мәселен, Алматы қаласы балабақша салған, Қызылорда облысы ескерткіш ғарыш айлағын тұрғызса, Қарағанды облысы «Қазақ еліне мың алғыс» атты еңселі ескерткіш орнатқан. Бұлардың барлығы әрбір өңір халқының атынан елордалықтарға көрсетілген үлкен сый-құрмет. Ең бастысы, бұл еңселі елордамызды бүкіл халық болып салып жатқанымыздың белгісі.

Астанадағы «Алматы» деп аталатын балабақша. Аты айтып тұрғандай бұл Алматы қаласының елордаға арнаған тартуы. Орналасқан жері де Алматы көшесінің бойы. 240 орындық. Қала басшысы Бауыржан Байбек мемлекеттік-жекеменшік әріптесік бойынша өте нәтижелі жұмыс істеп отырған басшының бірі. Мынау соның жемісі. Бұл ғимаратта сондай бірлестікпен салынған.

Қазір қай қалаға болсын балабақша өте қажет. Елімізде туу көрсеткіші жоғары. Бұл бағытта әсіресе, Астананың қарқыны бөлек. Бой көтерген жаңа балабақша енді сол ауданның бүлдіршіндері үшін үлкен қуаныш болып тұр.

Қазақстан ғарыш орталығы. Бұл орталық Франция елімен бірлесіп жұмыс істейді. Қазір өзіміздің отандық жерсеріктерді дайындау үстінде. Бөлшектерінің біразы осы жерде өз мамандарымыздың күшімен әзірленеді. Ұлттық ғарыш орталығының өндірістік ғимараттары әлі толық салынып біткен жоқ. Жоба толық қуатына жеткенде Қазақстан ғарыш державаларының қатарында болады. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Өзіміздің «Байқоңырымыз» бар. Істеп жатқан балалардың барлығы шетелде оқып келгендер.

Енді осы Ұлттық ғарыш орталығын Астанада жүріп алыстан тануға болады. Себебі, Қызылорда облысы атынан зымырандардың макеті орнатылған ашық музей салынды. Бұл Сыр елінің ерекше сыйы десе болар. «Зенит», «Союз», «Протон» зымыран тасығыштары түбі берік тұғырға орнатылған. Айналасы абаттандырылған. Болашақта «Буран» көп мәртелік орбитальді ғарыш кемесі де осы жерге қойылады. Бұл елордаға сый жасаған облыстардың ішіндегі ерекше жоба. Елбасы да осы ерекшелігін айтып, қызылордалықтарға үлкен алғысын білдірді.

«Қазақ еліне мың алғыс». Еңселі ескерткіш Қарағанды облысының сыйы. Түрлі ұлттың баласына қамқор болып тұрған ана бейнесі. Ең қиын заманда ешкімді жатырқамаған Ұлы дала халқы бәрін бірдей бауырына басты. Сол қамқорлық ешқашан ұмыт қалмауы тиіс. Түгел ұлыс және бүгінгі ұрпақ ұғып жүретін, қазақтың кім екенін біліп жүретін ерекше ескерткіш. Қарағанды облысы осы ескерткішпен бірге Ұлытаудағы балбал тастардың жиынтығын осы жерге орнатқан. Тіпті Бетпақдаланың ақбөкендеріне арналған ескерткіштер де бар. Яғни, Астананың 20 жылдығында қарағандылықтар халықтың бірлігін, қазақтың ұлылығын әспеттеуге күш салған. 

Шығыс Қазақстан облысы еліміздегі ең үлкен фонтанды Астанаға салды. Аймақ басшысы Даниал Ахметов фонтанның бүкіл қызметін Елбасыға таныстырды. Қазақстандағы ең үлкен фонтанға кең жер керек болғандықтан, ол Ботаникалық саябаққа салынды. Субұрқақ музыкамен бірге қозғалады, өз аумағына өзгеше көрік беріп тұр. Бұл жобаның да өзіндік ерекшелегі Елбасының көңілінен шықты.

Ботаникалық бақ. Аумағы бірнеше гектарға тең. Қабанбай батыр мен Мәңгілік Ел даңғылының арасы жасыл желекке оранған. Бұл жерге орман ағаштарының барлық түрі және жеміс көшеттері де отырғызылған. Оларға «Жасыл ел» жастар отряды қамқор болмақ.

Құлашын кеңге жайған Астана құрылысы әлі бір сәтке де тоқтаған жоқ. Әлі салына береді. Тоқтамайды. Астана - Елбасының идеясын бүкіл қазақ болып, бүкіл ел болып жүзеге асырып жатқан жоба. Қала күніне санаулы күндер қалды. Күн сайын бас шаһардың жақсы жаңалығы осылай көбейе түседі.

 

Ғабит ҰЗАҚБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу