Жамбыл облысында елорданың 20 жылдық мерейтойы аталып өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында елорданың 20 жылдық мерейтойы аталып өтті

02.07.2018

Астана – ұлан-ғайыр қазақ даласының төрт тарабы түгел атсалысып, тәуекелмен тұрғызған тарихи шаһар. Сондықтан да, Елорданың 20 жылдық мерекесін бүкіл қазақ даласы, Алаш баласы атап өтуде. Мерейтой Жамбыл облысында да жалғасуда. 20 жылдыққа 20 жаңа нысан ашылып, ел қуанған өңірде «Астана – аймақтардың арқауы» атты облыстық форум өтті.

Жиырма жыл бұрын жұдырықтай жұмылған қазақ баласы Арқа төрінде Астана атты шаңырақты төбеге көтеріп, бір-бір уық болып қадалған еді. Тарих үшін қас қағым сәт болса да Астана – айналасы жиырма жылдың ішінде әлем таныған шаһарға айналды. Өзге өңірлер бой түзеп, бағыт алатын аймақтардың арқауы. Сондықтан да, жақұттай жарқыраған жас қаланың мерейтойына әр өңірдің тартуы бар.

Асқар Мырзахметов, Жамбыл облысының әкімі:

- Жамбыл облысы атынан Есіл ауданы Достық көшесінен Қабанбай даңғылына дейін 13 шақырымға жуық веложолақ салынды. Тараз қаласы мен аудандарда 20 әлеуметтік – экономикалық нысандар пайдалануға берілді. Бұл Ұлы дала төрінде орналасқан еңселі елордамыз Астана қаласына киелі Әулиеата топырағынан көрсетілген құрметтің бірі деп білеміз.

Астана тек саяси алаң ғана емес, білім мен ғылымның ордасы. Мұндағы бірегей білім ошақтары – ілім қуған талай жастың арманы. Солардың бірі – салтанатты форумның қатысушысы, Астананың төл құрдасы Еркежан Ыбыраева.

Еркежан Ыбыраева, Астананың құрдасы:

- Әр барған сайын қуанып, әсерленіп, көкірегімді қуаныш кернеп қайтамын. Астананың құрдасы болғаныма өте қуаныштымын.

Жиырма жыл ішінде Астана – шартарапты тоғыстыратын нағыз бас қалаға айналды. Елдің еңсесін көтеріп, әлеуетін арттыруға бағытталған сан түрлі шешімдер өңірлердің өріс алуына серпін берді. Жамбыл облысында 20 жылдыққа 20 жаңа нысан ашылып, ел игілігіне тапсырылуы – дүбірлі тойдың сый-сыяпаты.

Күллі Алаштың мақтанышы, сәулеті мен дәулеті қоса дамыған шырайлы шаһардың мерекесіне жамбылдықтар осылай үн қосты. Әулиеата аспанында Астана жайында ән әуелеп, жырдан шашу да шашылды.

 

Гүлнұр ҚАЙРАТҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу