Гүлзипа Сыздықованың 100 жылдық мерейтойы аталып өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Гүлзипа Сыздықованың 100 жылдық мерейтойы аталып өтті

24.11.2014
Гүлзипа Сыздықованың 100 жылдық мерейтойы аталып өтті

Желтоқсанның 21-і күні «Әкемтеатрда» есімі Сәбира Майқанова, Бикен Римова секілді талантты актрисалармен қатар аталатын, саналы ғұмырын өнерге арнаған дарын иесі Гүлзипа Сыздықованың 100 жылдық мерейтойы аталып өтті. Бұл туралы театрдың баспасөз қызметі хабарлайды.

Гүлзипа Сыздықованы өнерге сонау Қарқаралыдан Алматыға Әміре Қашаубаевтың өзі жетелеп әкелген екен. Таланттардан тәлім алған Гүлзипа апа өзінен кейінгілер үшін де бір мектеп болды.  Гармонда шебер ойнап, қосылып ән салатын да өнері бар-ды.

Әжелерінің осы өнері бойына дарығанын кеште өнер көрсеткен немерелерінің пианинода ойнап, домбыра тартып, саксафонды құйқылжытқанынан-ақ байқауға болады.

Әсерлі өткен кеште кеңпейіл болған Гүлзипа апаның барлық жақсы қыры Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев сынды інілерінің, Нүкетай Мышбаева, Торғын Тасыбекова, Бақыт Жанғалиева секілді ізбасар сіңлілерінің естелігімен жарқырай көрінді.

Біздің анықтама:

Гүлзипа Сыздықова 1914 жылы 1 қаңтарда қазіргі Қарағанды облысы Қарқаралы қаласында дүниеге келген. Актриса, әнші, Қазақ КСР-інің Еңбек сіңірген әртісі.

1933-1936 жылдары қазіргі Қазақ мемлекеттік академия драма театрының студиясында оқыған. Оқып жүрген кезінен бастап осы театрдың спектакльдеріне де қатысады.

Алғашқы ойнаған рөлі – М.Әуезовтің «Түнгі сарын» драмасындағы Топай (1935) рөлі. Бұдан кейін Меңсұлу (Ш.Хұсайынов, «Алдар Көсе»), Сайра (І.Қуанышбаев пен Хұсайынов, «Шаншарлар»), Күнікей (Ғ.Мүсірепов, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу»), Жер-ана, Жаңыл (Ш.Т. Айтматов, «Ана – Жер-ана» мен «Аңсаған менің әнімсің»), т.б. тұлғаларды сомдады.

Ол Шүкір (Мұхамеджанов, «Бөлтірік бөрік астында»), Ұмсынай, Халима (Ә.Тәжібаев, «Жалғыз ағаш орман емес» пен «Той боларда»), Балжан (Мүсірепов, «Сең қайтер едің»), Қарақатын (Ә.Нұрпейісов, «Қан мен тер») рөлдерін ойнап, көрермендерге эпизодтық рөлдердің шебер орындаушысы ретінде танылды.

1936 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысқан. 1957 жылдан киноға түскен.

Хабарламаларға жазылу