Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл «Таңшолпанға» қонаққа келді.
Халық қалаулысы ұлттың рухани жаңғыру кезеңі, елдің рухани жетістігі, «Экспо -2017» көрмесі төңірегінде келелі әңгіме қозғады.
«Рухани жаңғыру - Қазақ елінің тәуелсіз таңдауы, тәуелсіз сана қалыптастыруы. Бұл студияларыңыздан да байқалып тұр. Қазақстанның латын қарпіне көшуі -оның ұлттық санасына уыздай ұйыған ұлт бірлігі үшін аса маңызды», -дейді студия қонағы.
Сондай-ақ, сұхбат барысында көрерменнің қазіргі қоғамдағы ер азаматтардың, өсіп келе жатқан жасөспірім жігіттердің тәлім-тәрбиесіне қоғам қаншалықты көңіл бөліп жатыр деген сұрағына тұщымды жауап берді.
«Тәуелсіз сана қалыптастырып отырған жастардың да бағыт-бағдарын біле-білген дұрыс. Біз жастарды тек қана болашағымыздың үміткері ғана емес, сол жастарға жол ашып, болашақтың үлкен іргетасын қалайтын алдыңғы күш иесіндей қарауымыз керек. Рухани жаңғыру мәселесінде өзіміздің санамызды өзгертуге тиіспіз», - деп сөзін қорытындылады.
Сұхбат соңында отты жырларын сағынған халыққа «Аманат» деп аталатын өлеңін арнады.