Тәуелсіздік күні қарсаңында ұлтымыздың жауһар туындысы «Қыз Жібек» этно-фольклорлік мюзиклі Мәскеуде сахналанды. Бұған дейін Еуропаның 5 шаһарын шарлаған «Astana Musical» театры осылайша, өзінің гастрольдік сапарын Ресейде аяқтады. Бұл - қазақ мәдениетін әлемге таныту үшін жасалған ірі жобалардың бірі.
«Қыз Жібек» дастанын білмейтін қазақ кемде-кем. Ұлтымыздың осы жауһар туындысын астаналық жас театр, этно-фолклорьлік мюзиклге ықшамдады. Қойылымда ән, би, һәм актерлік шеберлік біте қайнасып жатыр.
Асхат Маемиров, «Astana Мusical» театрының көркемдік жетекшісі, «Қазақконцерт» МКҰ директоры:
- «Қыз Жібектің» өн бойында біздің бүкіл рухани құндылықтарымыз сақталған, оның бойында халықтың ән-жырлары, керемет мәдени құндылықтарымыздың барлығы бар. Сондықтан, осындай ұлттың болмыс-бітімін танытатын дүниемен Еуропа көрермендерін таныстыру - қадамын енді басып келе жатқан театр үшін үлкен сынақ.
«Қыз Жібекті» бұған дейін Берлин, Париж, Канн, Брюссель және Вена жұртшылығы тамашалаған. Енді, міне, Мәскеу сахнасы. Әртістер көрерменнің жүрегіне жол тауып, Қыз Жібектің арманын, Төлегеннің үмітін, ұлы даланың сыры мен жырын жеткізуге тырысты.
Инабат Ризабекқызы, Қыз Жібек рөлін сомдаушы:
- Тіпті шетелдіктердің өзі көздеріне жас алып, өте қатты әсер етті деп, жатыр.
Қыз Жібек - күрделі қойылым. Туындының өн бойында бата беру, қарғыс айту, жоқтау, қоштасу, көңіл айту сынды қазақтың бүкіл салт-дәстүрі жатыр.
Ярослава Галкина, Мәскеу қаласының тұрғыны:
- Өте керемет болды. Себебі, менің театрдағы қойылымды көріп отырып көзіме жас алмағалы 10 жыл болды. Ал, бүгін мюзиклдің соңында өз-өзімді ұстай алмай егілдім. Әртістер өздерінің нағыз шебер екендерін көрсетті. Мұндай сәт жиі бола бермейді.
«Қыз Жібек» операсы алғаш рет Мәскеуде 1936 жылы, «қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі» аясында сахналанып, бүкіл КСРО жұртшылығын таңқалдырған. Енді міне, араға 81 жыл салып, «Astana Musical» ұжымы да туындыны асқан шеберлікпен орындап шықты.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ