«Астана EXPO-2017» Халықаралық көрмесіне қатысушы елдер көрме секцияларының комиссарларын тағайындай бастады. Франция Республикасы секциясының комиссары П.Лоро ресми сапармен Астанаға келді.
Сапар барысында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Б. Сағынтаевпен, Астана қаласы әкімі, «Астана EXPO-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ә.Жақсыбековпен және ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, EXPO-2017 Комиссары Р.Жошыбаевпен екіжақты кездесулер өтті.
Басқосуда Францияның EXPO-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысу мәселесі, атап айтқанда, Франция павильонын орналастырудың техникалық мәселелері, құрылыс жұмыстарының мерзімдері, көрме экспонаттарын әкелу бойынша жұмыстардың басталуы талқыланды.
Франция Республикасы секциясының комиссары ел Президенті Ф.Олланд атынан бірінші комиссарды тағайындау туралы ресми нотаны табыстап, Қазақстанмен ары қарайғы стратегиялық ынтымақтастықты жалғастыруға үміт білдірді.
Астана қаласы әкімі, «Астана EXPO-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ә. Жақсыбеков француздық делегацияға және комиссарға олардың көтерген бастамасы үшін алғысын айтып, ынтымақтастықтың жемісті болатынына сенімін білдірді.
Айта кетсек, Франция Республикасы - секция комиссарын тағайындаған бірінші ел. Сапар қорытындысы бойынша П.Лоро 2015 жылдың қарашасында Астанада өтетін Халықаралық қатысушылардың екінші жиналысына қатысуға шақырылды.
Франция тарапы көрмені өткізу елдегі жасыл технологиялардың дамуына оң ықпалын береді деген сенім білдірді.
«Біз барлық мәселелерде Қазақстанды қолдаймыз. 2017 жылғы көрмені қабылдайтын қаланы және Олимпиаданы өткізетін елді таңдау кезінде біз дауысымызды Қазақстанға бердік. Францияның көрмеге қатысуы біздің елдер арасындағы жемісті ынтымақтастықты одан әрі күшейтпек», деді П.Лоро.