Астанадағы халықаралық форумда энергетиканың жаңа үлгісін құру мәселесі талқыланады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанадағы халықаралық форумда энергетиканың жаңа үлгісін құру мәселесі талқыланады

23.10.2014
Астанадағы халықаралық форумда энергетиканың жаңа үлгісін құру мәселесі талқыланады

Форумның басты мақсаты - EXPO-2017 көрмесіне арналған стратегиялық контентті даярлау, яғни, оның ішкі мазмұнын барынша толтыру. «Болашақ энергиясы» тақырыбы аясында кең ауқымды әрі тұрақты халықаралық диалогты ашу да форумның негізгі міндеті болып саналады.

Бүгінде біз «болашақ энергиясы» деп отырған мәселелерді  қандай да бір мемлекет немесе ұйым жалғыз өзі шеше алмайды. Оны бәріміз жақсы білеміз. Сондықтан, осы жұмысқа барлық азаматтың, жалпы  азаматтық қоғамның атсалысуы аса маңызды. Бізге күнде болып жатқан өзгерістерді болжап-бағамдау үшін халықаралық байланыстар мен ресурстар, азаматтық қоғамның қолдауы қажет-ақ. Бүгінгі форумда айтылып жатқан ой-идеялар EXPO-2017 көрмесінің бүкіл адамзат болашағы үшін айтулы оқиғаға айналуына өз септігін тигізетін болады, - дейді Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Висенте Лоссерталес.

Форумға энергетика саласының 500-ден астам жетекші сарапшысы, ғалымдар, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың көшбасшылары, мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысуда.

Олар климаттың өзгеруі, экологиялық және энергетикалық қауіпсіздік, ауаға шығарылатын заттардың мөлшерін азайту және қалдықтарды кәдеге жарату жобаларына инвестиция құю мәселелерін талқылайды.

Сессиялар барысында қатысушылар бірқатар мәселе бойынша ақпараттық-зерттеу жұмыстарын өткізіп, талдау жасайды. Осы жұмыстың нәтижелері EXPO-2017 аясында өтетін «Болашақ энергиясы» форумында таныстырылады.

Форум аясындағы пікірталас алаңдарында инноваторлардың, өнертапқыштар мен инвесторлардың халықаралық ынтымақтастығын кеңейтуге арналған виртуалды қорларын құру жайы талқыға салынады.

Форум спикерлері: Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Висенте Лоссерталес, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Ермегияев, ҚР Энергетика министрі Владимир Школьник, EXPO-2017 комиссары Рәпіл Жошыбаев, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, «Жасыл экономика және G-Global-ды дамыту» коалицясы төралқа төрайымы Айгүл Соловьева, Жасыл өсім жаһандық институтының бас директоры Иво де Бур, ҚР Білім және ғылым вице-министрі Такир Балықбаев.

Хабарламаларға жазылу