Ақмолалықтар енді үйінен шықпай-ақ, балаларын бөбекжайға немесе мектепке орналастыра алады. Облыста биылғы оқу жылынан бастап балабақшалар мен жалпы білім беретін мекемелерге жолдама беру электронды түрге ауыстырылды. Осы іске облыс бюджетінен шамамен 60 миллион теңге бөлінген. Жарты жылда жүйенің игілігін көргендер көп.
Ермек Елберген, тілші:
- Қос қызметті де электронды түрде алу үшін akmola.kz сайтына кіру керек. Бұл жерде өзіңіз туралы мәліметтерді енгізіп, оны электрондық сандық қолтаңбамен растайсыз. Басты талап - осы қолтаңбаның болуы. Кейін сайттағы нұсқаулық арқылы өтініш толтырылып, өңдеуге жолданады. Және бұрынғыдай 3 балабақшаны ғана таңдамайсыз. Барлық мекемелерге жол ашық.
Көкшетаулық Саида осы жүйенің мүмкіндігін қолданып, баласын балабақшаға орналастырған. Қазір оның ұлы Иса - Көкшетаудағы бөбекжайлардың біріне барып жүр.
Саида Қаппас, қала тұрғыны:
- Бізге балабақша ұнайды. Үйдің қасында. Өте ыңғайлы.
Оқу жылының басынан бері электронды жүйе арқылы 115 оқушы мектепке орналасқан. Ал балабақшаға жолдама алғандардың саны - 1800-ге жуық. Жобаның тағы бір тиімді тұсы - ашықтық. Ата-аналар барлығын бақылай алады. Таңдау да әркімнің өз еркінде.
Биыл бұл жүйеге облыстағы 457 балабақшаны және 467 мектепті енгізу жоспарланған. Осылайша ата-аналарға аймақтағы барлық білім ошақтарына жол ашылады.
Ермек ЕЛБЕРГЕН
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.