Президент Нобель сыйлығының лауреаттарымен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Нобель сыйлығының лауреаттарымен кездесті

29.05.2016
Президент Нобель сыйлығының лауреаттарымен  кездесті
Кездесуде аузы дуалы оқымыстылар Қазақстанның бүгінгі жетістігін бағалады, ертеңін саралады, ойларын ортаға салды.

Астана экономикалық форумы аясында Президент Нобель сыйлығының иегерлерімен және халықаралық ұйымдардың басшыларымен кездесті. Кездесуде аузы дуалы оқымыстылар Қазақстанның бүгінгі жетістігін бағалады, ертеңін саралады, ойларын ортаға салды.

Қазір әлем сәт санап өзгеруде. Экономика мен саясат алаңындағы сұрқай ойындар бір елдің емес, бар елдің құтын қашырып отыр. Мемлекет басшысы әлемдегі сенім мәселесіне селкеу түсіп тұрғанына ерекше тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жаһандық экономика геосаяси факторлардың қысымын бастан кешіруде. Бұл экономикалық ахуалға айрықша кері әсерін тигізуде. Бұлардың қатарына әскери әрекеттерді, босқындар толқыны, таяу және орта шығыста не болып жатқанын бәріміз жақсы білеміз.
Оған террорлық актілер мен Ресейге батыстың санкциясы және өзге де мәселелерді қосыңыз. Бұл ретте жаңа экономикалық жағдай сын-қатерлермен бірге мүмкіндіктер көзіне де жол ашады. Кім пайдалана білсе, сол ұтады.


Мемлекет басшысы табиғи ресурстардың бас айналдырар бағасы өткен шақпен ғана айтылатынын атап өтті. Ешбір ел шикізаттың арқасында дамудың шарықтау шегіне жеткен емес. Сондықтан, Қазақстан экономиканы күшейтудің үнемі балама көздерін іздеп келеді. Оны әртараптандыру басты ұстаным.

Өндеуші өнеркәсіптің үлесін арттыру үшін соңғы алты жылда индустрияландыру бағдарламасы белсенді жүргізілуде. Кездесуге келгендер Қазақстанның сан саладағы реформаларын оң бағалады. Нобель сыйлығының лауреаты Эдвард Прескотт, әсіресе, инвесторлорға жасалған жағдайға ерекше тоқталды.

Эдвард Прескотт, Нобель сыйлығының лауреаты:
Шын мәнінде не маңызды? Бұл өнімділік мәселесі. Мен бұл туралы көп естідім әрі онымен бірден келісемін. Осы ретте Қазақстанның ұстанған саясаты - ашық болу, тікелей шетел инвесторларын тарту. Осы ашықтығының арқасында соңғы кезде Қазақстан басылымдарға да жиі шығып жүр.

Ержан ҚАЛЫМБАЙ

Хабарламаларға жазылу