Головкин-Уэйд жекпе-жегіне бір апта қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Головкин-Уэйд жекпе-жегіне бір апта қалды

17.04.2016
Головкин-Уэйд жекпе-жегіне бір апта қалды
24 сәуірде таңғы 07:20-дан бастап «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы мен kaztrk.kz сайты «жеңілмегендердің» жұдырықтасуын тікелей эфирде көрсетеді.

Тура бір аптадан кейін Қазақстанның жанкүйерлері таңғы 07:00-ден теледидарға телміреді. Өйткені, біздің Гена Әлем чемпионы атағы үшін америкалық Доминик Уэйдпен кездесу өткізбек.

Әлем жанкүйерлері тағатсыздана тосып жүрген жекпе-жек Лос-Анджелес қаласында өтеді. Бұл бокс кешінің аты да ерекше: «Жеңілмегендер!». Айта кетейік, 24 сәуірде таңғы 07:20-дан бастап «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы мен kaztrk.kz сайты «жеңілмегендердің» жұдырықтасуын тікелей эфирде көрсетеді.

Доминик Уэйд. 26 жаста. АҚШ, Вашингтонда туған. Орташа салмақтағы кәсіпқой боксшы. Бокстағы кәсіби карьерасын 2009 жылы бастаған. Америкалық боксшы осыған дейін 18 жекпе-жек өткізіп, бәрінде жеңіске жеткен. 12 қарсыласын нокаутпен ұтқан.

Ал, Геннадий Головкиннің әрбір жекпе-жегі қазақстандықтардың назарында. Кәсіпқой бокста жеңіліп көрмеген қазақстандық Головкин 34 кездесу өткізіп, соның 31- ін нокаутпен жеңген. Соңғы рет 2015 жылдың 18 қазанында Давид Лемьемен рингке шығып, 8-ші раунда нокаутпен ұтты.

Лос-Анджелес қаласындағы «Форум» аренасында өтетін жекпе-жекте WBA, IBO, WBS және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы атағы сарапқа салынады. Геннадий Головкин бұл жолы Туреано Джонсонспен қолғап түйістіруі тиіс болатын.

Алайда, ол иығынан жарақаттанып, кездесуден бас тартты. Ал, ендігі қарсыласы Доминик Уэйд Головкиннен 8 жас кіші. Әрі осы уақытқа дейін бокста өзінің нақты бір стилін таппаған. Тіпті кейбір шайқастарындағы жеңісі әлі күнге дейін күмән тудырады.

Бір сөзбен айтқанда, жарқ етіп жанкүйерін қуантпаған боксшы. 2014 жылы 4 кездесу өткізіп, 2015 жылы 1 рет қана шаршы алаңға шыққан. Ал, 2012 жылы бірде-бір жекпе-жекке шықпаған Доминик Уэйд туралы әлем басылымдары осылай деп жазады.

Геннадий Головкиннің әрбір кездесуін қазақстандықтар асыға күтеді. Тура бір аптадан кейін Ұлттық арна Лос-Анджелестен тікелей трансляция жасайды. Арнаның сайты арқылы жекпе-жекті онлайн көруге де болады.

«Жеңілмегендер!» деп ат қойып, айдар таққан кездесуде тартысты болады деп отыр мамандар. Шын шеберлердің шаршы алаңдағы шайқасын бірге тамашалайық!

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу