Головкиннің жақын досы Ұлттық арнада жекпе-жекке сарапшы болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Головкиннің жақын досы Ұлттық арнада жекпе-жекке сарапшы болады

20.04.2016
Головкиннің жақын досы Ұлттық арнада жекпе-жекке сарапшы болады

WBA (Super), IBO, WBC (Interim) және IBF нұсқалары бойынша орта салмақтағы Әлем чемпионы, қазақстандық Геннадий Головкин (34-0, 31 КО) 23 сәуір күні (Астана уақытымен 24 сәуір) америкалық боксшы Доминик Уэйдке (18-0, 12 КО) қарсы жекпе-жекке шығады.

Аталмыш жекпе-жекке Г.Головкиннің жақын досы Серік Елеуов сарапшы болады. Назарларыңызға Головкин-Уэйд жекпе-жегіне жасаған оның болжамын ұсынамыз.

«2 күн бұрын Головкинмен сөйлескен едім. Жекпе-жекке дайындығы ойдағыдай екенін айтты. Оған өзінің жекпе-жегі туралы артық сұрақ қойған жоқпын. Өйткені, мен досыма сенемін.

Бұл жекпе-жектен мен не күтемін? Доминик Уэйд 5 раундтан артық Геннадийдің соққыларына шыдай алмайды. Тіпті, жекпе-жек 5 раундқа жетпей, ерте аяқталуы да ғажап емес. Әлемде Головкиннің соққыларына толық 12 раунд шыдайтын боксшылар өте сирек. Ал, Уэйд өздеріңіз белетіндей, бұрынғы қарсыластарына қарағанда аса мықты емес. Сонда да, жерлесімізге жанкүйер болайық, - дейді ол.

«Сондай-ақ, мен «Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан тікелей эфирде көрсетілетін Головкин-Уэйд жекпе-жегіне сарапшы болуға шықыру алдым. Ол үшін «Қазақстан» РТРК басшылығына алғысым шексіз. Мен үшін жақын досым Геннадийдің жекпе-жегінде сарапшы болу – үлкен мәртебе!», - дейді С.Елеуов.

Айта кетейік, жекпе-жекті 24 сәуірде 07:20-ден бастап «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы мен kaztrk.kz сайты тікелей эфирде көрсетеді. Сонымен қатар, кездесуді «Қазмедиа Орталығының» лэд-экрандарынан тамашалай аласыздар. Сондай-ақ, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы жанкүйерлер арасында екі Samsung Galaxy A3 смартфонын ойнатуда.

Біздің анықтама:

Серік Елеуов 1980 жылы Қарағанды қаласында туған. 1998 жылғы жасөспірімдер арасында Әлем чемпионы. Азия ойындарының күміс жүлдегері. 2004 жылы Афиныда өткен XXVIII жазғы Олимпиада ойындарының 60 келіге дейінгі салмақтағы қола жүлдегері. ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері.

Хабарламаларға жазылу