Қостанай облысында қазақстандық брендпен өнім шығаратын өндірістер өркендеп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында қазақстандық брендпен өнім шығаратын өндірістер өркендеп келеді

21.02.2016
Қостанай облысында қазақстандық брендпен өнім шығаратын өндірістер өркендеп келеді
Осы аптада Астанада облыс әкімі Архимед Мұхамбетов брифинг өткізді.

Қостанай десең алдымен ойға «астықтың астанасы» деген тіркес келеді. Қараторыпарқты, құнарлы Қостанай жері бидай мен өзге дақылдарды егіп, күтіп, баптауға таптырмас мекен. Негізгі жұрты егіншілік кәсіпке дағдыланған.

Орманды, сулы, нулы мекенде өзім де төрт-бес жыл қызмет атқарған едім. Сонда байқағанымыз, Қостанайда, жалпы теріскей облыстардағы егіншілік үлкен тәуекелді қажет етеді. Өйткені, дихан біткен көктем шыға қара жерді тырмалай жүріп, тұқымды сеуіп тастайды. Сосын ала жаз Құдайдан жаңбыр, күз түсе шуақ тілеп отырғаны. Өйткені, суармалы жер жоқтың қасы.

Әрине, миллиондаған гектарды суару мүмкін де емес болар, бірақ, ғылым мен технологияға ұмтылған көп жұрттар қазір тамшылатып суару деген тәсілді ауыл шаруашылығына дендеп енгізген. Күні ыстық, жері қуаң, қуаң емес-ау қу тақыр деуге тұрарлық Катар мемлекетінде, тамшылата суарып, көкөніс өсіріп отырған шаруаларды да өз көзімізбен көрдік.

Оны алыс десеңіз, күнбағыс алқабын тапшылата емес шашырата суарып жүрген шығыс облыстың диқанын көрдік. Яғни, алқап үлкен, жер ылғал деп сенбей, жаңбыр тілей бермей жаңа тәсілдерді де бір зерделеп қойғанның айыбы жоқ-ау.

Қостанай туралы көп созып отырғанымыз - аймақтың ауыл шаруасы былтыр 7 пайыз өсімді еңсерген. Өндірісі, өңдеу саласы да өркендеп келеді дейді көрсеткіштер. Осы аптада Орталық коммуникациялар қызметінде Қостанай облысының әкімі баспасөз-мәслихатын өткізді. Өңірдің өмірі туралы кеңінен баяндады.

Іргедегі екі көршінің экономикасы іркілгенде біздің де жүріс баяулаған. Шикізат бағасының төмендеуі өндірістің дамуын тежеді. Сондай қиындықты бастан кешкен өңірдің бірі – Қостанай. Аймақтың өнеркәсібі бір жыл ішінде18 пайызға кеміген. Дені - тау-кен саласы. 27 пайызға дейін азайған. Өңдеуші сала да өндірістік көрсеткіш 9 пайызға төмендеп кетті.

Архимед Мұхамбетов, Қостанай облысының әкімі:

Облыстың биылғы жылы бюджетінде мәселелер бар. Қиындықтар бар. Соның ішінде салық базасын нығайту мәселесі. Сол бағытта жұмыс жасауымыз керек. Көптеген резервтерді анықтап отырмыз.

Есесіне, астықты аймақтың ауыл шаруашылығында өсім бар. Өнім көлемі 261 миллиард теңгеге жетіп, 7,7 пайызға артты. Астықтың астанасы - өсімдік шаруашылығын да өркендетті. Жем-шөп пен зәйтүн зығырының көлемі 20 пайызға артты. Мал азығы 1,5 есеге өсті.

Дегенмен, бұл салаға Ресейдегі девальвацияның салқыны тиген жоқ деп айта лмаймыз. Бір ғана ет экспортын айтсақ. Төрт түліктің еті сатылмай рәсуә болғаны ел есінде. Тек теңгенің еркін айналымға жіберілуі жағдайды түзеді. Ендігі мақсат - ет өндірісін 3000 тоннаға дейін ұлғайту.

Әлімжан Жүсіпов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының маманы:
Қостанай облысында өндірілген ет көлемі 57 мың тонна. Соның экспортқа кеткені 147 тонна. Жоспар бойынша 700 тонна еді. Енді жоспарды өзіңіз көріп отырсыз. Ол орындалған жоқ. Биылғы 2016 жылға қойып отырған жоспарымыз 1300 тонна ет экспортқа кетуі керек.

Өңірде өркен жайған бір сала - көлік өндірісі. Машина жасау зауыты былтырғы қарқынды бәсеңдетпей келеді. Жұмыс орындары да толық сақталып, көлік құрастыру кластері кеңейеді.

Қазір зауытта әлемге танымал 5 брендік марка құрастырылады. Олар оңтүстік кореялық «Ssang Yong», «Hyundai», француздық «Peugeot» және қытайлық «JAC» пен «Geely». Мұның сыртында италиялық «Iveco» мен жапондық «Toyota Fortuner» де бар. Былтыр желіден барлығы 5 мың 757 көлік шыққан.

Зауыттың биылғы межесі - 8 мың автомобиль сату. Тек сыртқы нарықтың өзіне 2000-нан астам темір тұлпар шығарылмақ. Тағы бір маңызды жоспар - комбайн санын көбейту, 35 пайызға дейін.

Бұдан бөлек, «Сарыарқа АвтоӨнеркәсіп» мен қытайлық компания жақында өзара келісім жасады. Жобаның құны 40 миллион доллар. Қаржының алғашқы бөлігі құйылды. Оның нәтижесін көретін күн де алыс емес. Шілдеде бірінші монтаж жұмыстары аяқталмақ.

Александр Свадьбин, «Агромаш холдинг» АҚ директорының орынбасары:

Қазіргі жағдайға қарамастан біз жұмыс орнын сақтап қалдық. Қысқарту мүлде болған жоқ. Тек 4 күнгі жұмысқа көштік. 1000-ға жуық адам еңбек етеді. «JAC» маркасына басымдық бердік. Сапасы өте жақсы. Сұраныс бар. Корейлік компаниялармен бәсекелесе алатын деңгейде.

Қостанайдың Қытаймен қарым-қатынасы бұл ғана емес. Бірқатар бірлескен ірі жобалар бар. Қытай мен Ресейдің инвесторлары 9 жобаны жандандырады. Проблемалы компаниялардың тамырына да қан жүгіруі ықтимал.

Өндірісті өңірдің өзге өлкелермен аймақаралық тауар алмасуы да қарқынды. Бірінің жоғын бірі түгендеп, өзара серіктестікті жалғастыруда. Әсіресе, Қостанай Ақтөбенің транзиттік әлеуетін пайдалануға үмітті.

Үнемдеуден - өрлеуге. Облыс былтыр бюджетті оңтайландырып, 4,5 миллиард теңге қысқартты. Биыл да бұл үрдіс жалғасын таппақ. Бастысы, әлеуметтік міндеттер толық орындалады. Ал қалған керек емес шығындар мен мәдени шаралар мейлінше қысқартылады.

Бірақ, маңызды ілкімді игі істерге шектеу жоқ. Айталық, биыл Ұлт-азаттық көтеріліске - 100 жыл. Осыған орай, Амангелді ауданындағы мемориалдық мұражай жөндеуден өтеді. Бұл мақсатқа 12 миллион теңге бөлінеді. Сонымен қатар, көтеріліс көсемі Амангелді Имановтың ескерткіші де қайта қалпына келтірілмек. Тарихи дата аста-төк тоймен емес, пайдалы, рухани істермен есте қалмақ.

Архимед Мұхамбетов, Қостанай облысының әкімі:
100-ден аса, 200-ден аса киіз үй тігіп, орнатып тойлау емес. Мән беру. Жастарға рухани тәрбие беру. Көп қаржы шығармай, мақала болсын БАҚ-да, еске алу. Осындай тапсырма берген Елбасы.

Ал, Арқалық қаласында көмір орталығы салынуы мүмкін. Архимед Мұхамбетов тұрғындардың шалғайдан көмір тасып әуреге түспеуі үшін осындай орынның қажет екенін айтты.

Сондай-ақ, осы шаһарда қатты отынмен жанатын жылу орталығын салу мәселесі қарастырылып жатқанын да жеткізді. Оған шамамен 7 миллиард теңге қажет.

Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу