Елімізде қазақстандық брендпен өнім шығаратын кәсіпорындардың жұмысы жанданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде қазақстандық брендпен өнім шығаратын кәсіпорындардың жұмысы жанданды

08.11.2015
Елімізде қазақстандық брендпен өнім шығаратын кәсіпорындардың жұмысы жанданды
Кәсіпорындар тек ішкі сұранысты ғана қамтып қоймай, өнімдерін сыртқы нарыққа да жөнелтуде.
Соңғы кездері отандық өнімнің тамырына қан жүгіре бастады. Өңірлердегі кәсіпорындар дағдарысқа қарамастан, қуаттылығын еселей түсті. Қазақстанда жасалған өнімдер қарабайырлықтан ада, заман үдесінен қалмайды.

Жаңа технологияларды жете меңгерген кәсіпорындарымыз тек ішкі сұранысты ғана қамтып қоймай, оларды сыртқы нарыққа да жөнелтуде. Халықаралық талаптарға сай һәм бәсекеге дайын дүниелерге нарықтан қай кезде де орын табылады.

Балық — әлем елдерінде басты мәзірден түспейтін ас. Сондықтан, Оңтүстіктегі Шардара балық зауыты өнімдерін экспорттауды арттырды. Кәсіпорын сазан мен көксеркені терең өңдеп, олардан бес түрлі өнім шығарады. Еуростандартты жете меңгерген зауыт Еуропа нарығына еркін кіруде.

Жұпар Шериева, зауыт технологы:

Сұраныс көбінесе шет ел мемлекеттерінің ішінде Түркияда көксеркеге сұраныс көп. Содан соң Еуропада Германияға жіберіп жатырмыз көксеркені.


Кәсіпорын жылына 600 тонна балық өңдеуге қауқарлы. Жұмысшылар алдымен балықтың жон еті, мойыны, жүзбе қанаты мен уылдырығын бөлектейді. Сосын оларды тапсырысқа сай тұздап, кептіріп, арнайы мұздатқышта сақтайды.

Ділдайым Әріпбаева, зауыт жұмысшысы:

Бірінші таза етін кесіп аламыз. Сосын тамағын, бетін аламыз. Мұна соң таза етін жуып, табақтарға салып, мұздатқышта қатырамыз.


Қазір аймақта екі бірдей балық өңдеу зауыты бар. Олар өткен жылы 3 мың 600 тонна өнім шығарды. Балық шаруашылығының тиімділігі жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.

Рүстем Өмірбек, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

Су қоймаларының болуына байланысты үлкейту, дамыту мақсатында 2 зауыт құрылысын жүргізіп жатырмыз. Оларда 1 мың 200 тонна балық өңдеу күтілуде.

Зауыттарға балықтар Шардара су қоймасынан жеткізіледі. Қажеттілікті өтеу үшін іргедегі Айдаркөл мен Көксарайға да ау салынады. Қазір Шардараның жанынан тұқымбақ жасақталуда. Жасанды тоғандарда өсірілетін шабақтар зауыттардың қажеттілігін толық өтейді.

Шардараның дәмді балығын қуыру үшін енді өзге елдің майына күніміз түспейді. Отандық «Масло-Дел» компаниясы шығаратын өсімдік майының тұтынушылары жылдам артуда.

Роза Бекішова, цех басшысы:

Өнімдеріміздің сапасы өте жоғары. Ол тұтынушылардың талаптарына сай, Қазақстанда өндіріліп шығатын шикізаттармен жасалынады. Шетелден біз ешқандай өнім алмаймыз. Тек Қазақстанда өндірілетін өнімдерді пайдаланамыз.

Компания алдағы екі жылда 16 миллиард теңге пайда табуды жопарлап отыр. Мақсат — Қытай нарығына шығу. Бұған күн сайын 100-ден аса өнім түрлерін шығаратын кәсіпорынның әлеуеті жетеді.

Наталья Солохина, комбинат директоры:

Дәл қазір ешқандай дағдарыстың салқыны бізге тиіп жатқан жоқ. Келешекте де бізді айналып өтеді деген үмітіміз зор. Неге десеңіз, біздің арнайы стратегиямыз бар. Соған сай, біз ішкі нарықтан бөлек, шетелдерге де тауарларымызды жөнелтеміз. Қазір Батыс Қытаймен жұмыс істеп жатырмыз. Алдағы уақытта өнімдеріміздің экспорт көлемін көбейту жоспарда тұр.

Қазақстанның экономикалық ұстанымы — шикізат секторына тәуелділіктен арылу, нақты саланың өрісін кеңейту. Атты қанатқа балайтын қазақ нарығында темір тұлпарларға қажеттілік азаймайды.

Қазақстандағы автоөндіріс саласының ілгерілеуі сөзімізге дәйек. Қостанайдағы «Агромаш холдингі» қытайлық «Джак» көлігіне сұраныстың артып тұрғанын алға тартады. Бастан-аяқ өзіміз құрастыратын көлік көпшілік көңілінен шыққан.

Жұматай Еламанов, жұмысшы:

Біз құрастыратын автомобильдер сапалы. Қазіргі заман талабына сай. Бөлшектерінің бәрі сапалы металлдан дайындалған. Бағасы да қолжетімді.

Жыл басынан бері зауыт 6 мыңнан астам автомобиль шығарған. Экономикалық қиындықтар өндірістің өрістеуіне салқынын тигізе алмайды. Құрастыру цехында еңбек ететін 100-ден астам адамның көңілі орынында.

Александр Свадьбин, «Агромаш Холдинг» АҚ директорының орынбасары:

Біз бірде-бір адамды қысқартқан жоқпыз. Жұмыс орындарын сақтап, жалақыны азайтпау басты міндеттердің бірі. Алдағы жылы да осы қарқыннан таймаймыз деп ойлаймын.

Бүгінде еліміздегі автокөліктердің 60 пайызы ескі. Сондықтан, өнімге сұраныс төмендемейді, дейді өндіріс басшылары. Ескі көлігінен құтылып, жаңасын сатып алғысы келетіндердің қатарында Жұматай Еламанов та бар.

Жұматай Еламанов, жұмысшы:

Мен алдағы жылы жаңа көлік сатып алуды жоспарлап жүрмін. Және басқасын емес, осы өзім құрастырған көлікті аламын. Себебі оның әр бөлшегін жете танимын. Өз қолымнан шыққандықтан сапасына да сенімдімін.

Жоспарға сәйкес жыл соңына дейін желіден шыққан көліктер саны 8 мыңға жетуі тиіс. Ал солардың біреуі Жұматай Еламановқа бұйыруы бек мүмкін.

Ержан ҚАЛЫМБАЙҰЛЫ
Ғани ҚАЛМАХАН
Алмат ӘБДІРАМАН
Дәуренбек ӘБДІБЕК

Хабарламаларға жазылу