Әсет Исекешев жұмыс сапарымен Иранға барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әсет Исекешев жұмыс сапарымен Иранға барды

14.02.2016
Әсет Исекешев жұмыс сапарымен Иранға барды
ҚР Инвестициялар және даму министрі сапар барысында елге инвестиция тартуға байланысты бірқатар келіссөздер жүргізді.

Қазақстан мен Иран арасындағы экономикалық байланыс қайта жанданады. Тегеранда екі ел кәсіпкерлерінің бизнес форумы өтті. Екі күндік шараға еліміздің үкімет мүшелері және 300-ге жуық компания өкілдері қатысты. Екі ел тарихында болып көрмеген шара барысында бірқатар келісімдерге қол қойылды.

Қазақстан мен Иран бірлесіп инвестициялық қор құрады. Иран өкіметі алдағы бес жыл ішінде бізден бір мыңға жуық жолаушы тасымалдайтын вагон сатып алмақ. Екі ел біресіп тұрғын-үй құрылысына қаржы құюға да келісті. Қысқасы, бұдан былай мемлекеттер арасындағы байланыс бұрынғыдан да жақын бола түспек.

80 миллион тұрғыны бар Иран - Қазақстан үшін үлкен нарық, әрі Парсы шығанағына шығар қақпа болса, Иран үшін біздің ел Қытайға бастар төте жол. Әлем алпауыттарының Иранға салған санкциясы Қазақстан мен Иран арасындағы сауда-саттыққа кері әсер еткені рас. Бірақ екі елдің үкіметі де келешекте мұндай кемшіліктерге жол бермейміз деп отыр.

Иран - 80 миллион халқы бар бірбеткей саясат ұстанған мемлекет. Иран - әлемнің 13-ші экономикасы. Иран - газ қор жөнінен екінші, мұнай қоры жағынан жер жүзінде төртінші орынды иемденген ел.

Астанасы – Техран, бізше – Тегеран. Эльбрус тауының етегін жайлаған қалада 17 миллион халық тұрады. Көпұлтты мемлекет. Негіз құраушы ұлт ирандықтар 70 пайыз.

Одан кейінгі орында 2 миллион саны бар әзірбайжандықтар тұр. Аз ұлттар қатарында күрд, араб, түркімендер бар. Елдің солтүстігіндегі Горған қаласында 5 мың этникалық қазақ өмір сүреді.

2016-ның 16 қаңтары Иран үшін санкция деген сергелдең аяқталған күн. Бұғаудан басы босап, әлемдік нарыққа қайта оралған Ислам Республикасы дәл қазір инвесторлар үшін өте тартымды нарық. Әсет Исекешев бастаған қазақстандық делегация ТМД елдерінің ішінде алғашқы болып, өз өнеркәсіптік әлеуетін Иран нарығына таныстыру үшін арнайы келді.

Әсет Исекешев, ҚР Инвестициялар және даму министрі:
Иран әлемнің 13-ші экономикасы екені белгілі. Қазір бұл ел өз ішіне де, сыртқа да көп инвестиция салады. Сондықтан, Қазақстан үшін үлкен мүмкіндік есігі ашылып отыр. Біз бірнеше бағытта байланыс орнаттық. Оның ең негізгісі сауда-саттық қатынасы екені даусыз.

Министр Мохаммед Реза Нематзаде сөзін «Қазақстан айналасындағы алыптармен араздаспай, достық қарым-қатынас орнатқан бейбітсүйгіш ел» деп бастады. Иранға алғашқылардың бірі болып енген Қазақстанға ел билігі жан-жақты көмек көрсетуге дайын.

Мохаммед Реза Нематзаде, Иран сауда өнеркәсібі және кеніштер министрі:
Мен сан мәрте екіжақты келіссөздерге қатыстым. Қазақстан - біздің достас көршіміз. Сіздерді біздің оңтүстіктегі порттарымызға қаржы құйып, екі ел арасындағы байланысты дамыта түсулеріңізге шақырамын.

О баста форумға Иран тарапынан 150 компания қатысады деп жоспарланған еді. Алайда, Иран ұлттық көрме залына келген кәсіпкерлер саны жоспарланғаннан 5 есе асып кетті. Ине шаншар орын жоқ. Мүмкіндікті мүлт жібермейтін бизнесмендер тура дәлізде тұрып келіссөздерге кірісті.

Өмид Бавар, «Peic» мұнай компаниясының жетекшісі:
Өздеріңіз куә болғандай, бүгінгі шара өте мазмұнды өтуде. Қазақстан тарапы бұл шараға жақсы дайындықпен келіпті. Біздің мұнай бұрғылау жабдықтарымыз ескіріп қалды.

Бұл орайда, Қазақстаннан үйренеріміз көп. Біздің компания тың технологияларды сатып алуға миллиондаған доллар құюға даяр.


«Бәйтерек» холдингісінің төрағасы Қуандық Бишімбаевтың сөзі ирандық кәсіпкерлердің құлағына майдай жаққаны анық. «Бәйтерек» Қазақ еліне келіп, кәсіп ашамын, деген шетелдіктерге ерекше жағдай ұсынып отыр.

Холдинг құны 50 мыңнан бастап, 700 мың долларға дейінгі инвест жобаларға жеңілдетілген несие беріп, түрлі қолдау көрсетуге даяр.

Қуандық Бишімбаев, «Бәйтерек» холдингісі АҚ басқарма төрағасы:
Сауда-инвестициялық қарым-қатынастар, олардың потенциялы өте мол. Ирандықтар да Қазақстанға қызығып отыр. Біздің компаниялар да ирандық компаниялармен импорттық, экспорттық, инвестициялық жағынан жұмыс істеуге қызығуда.

Екі ел арасындағы алыс-беріс былтыр 1 миллиард долларға тақалған. Бұл жолғы бизнес форумнан кейін, аталған көрсеткіш еселеп өсетініне қос тарап кәміл сенеді. Жалпы, «Би ту би» форматындағы форум - сатушы мен тұтынушы үшін таптырмайтын алаң.

Иранның темір жол әкімшілігі қазақстандық вагондарға қызығып отыр. Әзірге, 200-вагонға тапсырыс берген. Ислам Республикасында пойыз жүткитін шойын жолда тапшы. Форум аясында «Ақтөбе рельс» зауыты өз өнімін Иранға саудалауға да уағдаласты.

Бағдат Әміреев, Қазақстанның Ирандағы Төтенше және өкілетті Елшісі:
Қазақстандық компаниялар Иран нарқында үлкен келісімшарттар алуға деген талпынысы жоғары. Біздің мұнай компанияларымыз бен өзге де компаниялар ашылып жатқан жаңа мүмкіндіктерді пайдаланып, Иранның нарқына кірмек ойы бар. Сол себепті осы үлкен шараны ұйымдастырып отырмыз.


Екі ел ежелден дос. Ендігісі – сенімді серіктестікті экономикалық тұрғыда тиімді пайдалану керек. Бұл форум қонақтарының ортақ пайымы.

Қаныш Тілеушин, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасы:
Біз мұнда 160-қа жуық компания өкілдерін алып келдік. Олардың басым бөлігі біздің «Даму» қорынан қаржыланады. Біздің мақсатымыз - осы форум аясында мейлінше көп келісімге қол жеткізіп, елге инвестиция тарту.

Хамон Манухер, «CCPC» компаниясының басқарма басшысы:
Қазақстанның химия өндірісі жақсы дамығанын білеміз. Біз сіздердің елдеріңізге алғашқы кезеңде 10 миллион доллардан бастап, біртіндеп 200 миллионға дейін инвестиция құюға дайынбыз. Айта кетейін, біз Иранда химия өндірісін қолға алған ең ірі компанияның біріміз.

Қазір екі ел арасындағы экономикалық байланыс сан-саланы қамтиды. Оның ішінде Иранға біздің елден шикі мұнай мен сұйық газ тасымалданады. Сонымен қатар, қазақстандық экспорттың астық тасымалынан да алатын үлесі мол.

Мәди Ихтиляпов, «Шолақсай» ЖШС директоры:
Бағасы турасында әлі келіскен жоқпыз. Негізі 5-6 тонна көлемінде келіспек ниеттеміз. Ары қарай не болатынын көре жатамыз. Олардың шарты – өнімді өздері келіп вагондармен әкетеді.

Қазақ - Иран сауда қатынасының логистикалық потенциалы сан қырлы. Ұзындығы 928 шақырым «Қазақстан-Түркіменстан-Иран» трансұлттық шойын жолы Еуропа мен Парсы шығанағын жалғайтын көпір. Ал, Каспий теңізі арқылы танкерлермен жүк тасымалдау жолы бұрыннан бар.

Маусым айынан бастап «Эйр – Астана» ұлттық компаниясы «Алматы-Тегеран» тікелей әуе рейсін ашады. Дәл осы тақырып, Қазақстан-Иран іскерлік кеңесінде де талқыға түсті.

Иран тарапы «екі ел арасындағы байланысты визалық кедергілерді жоюдан бастауды» ұсынып отыр. Қазір, Иран әлемнің 190 елімен тура әуежайда виза беруге келіскен.

Әмір Абеди, Қазақстан-Иран іскерлік кеңесінің төрағасы:

Қазақстан Иран нарығына түрлі-түсті металлургия, азық-түлік және жеңіл көлік саудалауға ниетті. Оған қажетті логистикалық байланыстар бар. Мәселен, биыл Ақтау портының жүк өткізу мүмкіндігі ұлғайды. Біздің кеңес екі ай сайын, бас қосып мәселелерді шешу жолдарын талқылаймыз.


Әрине, кез келген сауда-саттықтың күре тамыры - банк саласы екені сөзсіз. Сондықтан, ең алдымен екі елдің қаржы ұйымдары өзара серіктестік орнатуы керек. Қазақстан Иранға қой етін де саудалайды. Бес жыл ішінде, отандық компания Иранға құны 30 миллион доллардың етін дайындап бермек.

Бақытжан Әбдірасилов, «Meatprocessingandservice» компаниясының өкілі:

Қазір Таяу Шығыстың көптеген елдерінен қазақтың қойының етіне өте көп сұранып болып жатыр. Егер логистикалық мәселелерді ұтымды шеше алатын болсақ, онда Таяу Шығыстағы көптеген елдерге ет жіберу мүмкіншілігіміз болғалы тұр.


Кеңесте айтылған қадау-қадау мәселелер оң шешілеріне сенімдімін. Парсылық әріптестерінің арыз-тілектерін тыңдаған Қуандық Бишімбаев осылай деді. Жалпы, Қазақстан-Иран іскерлік кеңесінің құрамына 500 компания мүше.

Ғабит Бөкенбай, тілші:
Иранның саяси-экономикалық өміріндегі өзгеріс жаһан назарын өзіне аудартты. 80 миллион тұтынушысы бар нарыққа кіргісі келмейтін мемлекет қазір Жер бетінде кемде-кем.

Қазақстан-Иран бизнес форумы екі ел арасындағы байланысты баянды етуге жасалған нық қадам. Енді, тура екі айдан соң ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Тегеранға ресми сапармен келеді. Міне, сол кезде қос мемлекеттің іскер топ өкілдері асыға күткен құжаттар жария болмақ.


Ғабит БӨКЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу