ЕуроОдақ ядролық энергетиканы қарқынды дамытпақ
Еуропа елдері энергетикалық дағдарыстан шығудың жолын іздеп дал болуда. Еске салсақ, Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты ЕуроОдақта газ 70 пайызға, мұнай бағасы 60 пайызға шарықтаған. Қымбатшылық қарапайым халық пен кәсіпорындардың қалтасына салмақ салды. Тығырықтан шығу үшін ЕуроОдақ елдерінің басшылары энергияның баламалы көздерін, әсіресе атом энергетикасын қарқынды дамытуға күш салмақ.
1990 жылы Еуропа елдері электр энергияның үштен бір бөлігін ядролық энергетикадан өндірген. Қазір тоқтың 15 пайызын ғана атом электр станцияларынан алып отыр. Шетелден импортталатын қазба отынға тәуелділіктен арылып, тоқ тапшылығы мәселесін шешу үшін ядролық энергетиканы дамытуға күш салу қажет, дейді Еурокомиссия төрағасы.
Урсула Фон Дер Ляйен, Еуропалық комиссияның төрағасы:
Еуропада ядролық энергияның үлесін азайту туралы шешім стратегиялық қателік болды. Себебі ядролық энергия сенімді, жыл бойы, тәулік бойы электр қуатымен қамтамасыз етеді. Біз ядролық технология саласында көшбасшы болғандықтан, келесі буын реакторлары Еуропаның жоғары технологиялық құнды экспортына айналуы тиіс.
Атом энергетикасы бойынша Еуропаның ғана емес, әлемнің көшбасшысы Франция тың тәжірибесімен бөлісуге дайын. Бесінші мемлекет электр қуатының 65 пайызын АЭС-тен алып отыр. Қазір елдегі 19 атом электр станциясында 56 реактор жұмыс істеп тұр. Ел үкіметі алдағы уақытта тағы 14 станция салмақ.
Оливье Арифон, Лилль Католик университетінің профессоры, зерттеуші:
Франция өте арзан электроэнергия өндіру үшін ядролық энергетиканы дамытып, реакторларды іске қосты. Экономиканы декарбонизациялау үшін мұнай мен газды атом энергиясымен алмастыру қажет. Қазір Франция өзінен артылған қуат көзін Еуропа нарығына саудалап отыр.
Энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз ету үшін Бельгия елдегі атом реакторларының жұмысын тағы 10 жылға ұзартты. Швеция 40 жыл бұрын қабылдаған ядролық технологиядан бас тарту туралы шешімін өзгертті. Жер сілкінісінен қауіптеніп атом электр станциясын салуға бұрыннан сақтықпен қараған Грекия заманауи ядролық реакторларды дамыту бойынша қоғамдық кеңес бастады.
Нұрсұлу Қасым, тілші:
Осылайша ЕуроОдақ 330 миллион еуроға жаңа энергетикалық инвестициялық жоспар бекітті. Еурокомиссиядағылар қаражат есебінен шағын модульдік реакторларды дамытып, оны 2030 жылы іске қосудан үмітті. Сондай-ақ Одақ елдері термоядролық энергияны зерттеуді күшейтіп, осы технологияға негізделген алғашқы электр станциясын салуды көздеп отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы