Жыл қорытындысы: Халықаралық оқиғалар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жыл қорытындысы: Халықаралық оқиғалар

27.12.2015
Жыл қорытындысы: Халықаралық оқиғалар
2015 жыл Франциядағы терактілермен басталды.

Өтіп бара жатқан жыл да дүние дүбірге толы болды. 2015 - Францияда терактілермен басталды. Сирия армиясы болса, ел аумағының басым бөлігінен айырылып, Мәскеуден көмек сұрады.

Сөйтіп, қыркүйектің соңғы күні Ресей әуе-ғарыш күштері көтерілісшілерді бомбалауға кірісе отырып, «қырғи-қабақ» соғыстан кейін алғаш рет Таяу Шығысқа оралды.

Араға бір ай салып, Синай түбегіне жолаушылар ұшағы құлап, 224 адам қаза тапты. Бұл - Ресей тарихындағы ең үлкен авиациялық апаттардың бірі. Көп кешікпей, Кремль бортта теракт жасалғанын мойындады.

Ал, мұнай нарығына келсек, «қара алтын» бағасы құлдырауын биыл да жалғастырды. Қазір оның бір баррелінің құны 40 долларға да жетпейді.
Еуропа болса, II Дүниежүзілік соғыстан бергі ең күрделі миграциялық дағдарысқа ұшырап отыр.

Қазір бұл одақтың болашағына деген сенімнен көрі күмән басым. Латын Америкасында социалистердің позициясы әлсіреді. Тізбектей берсек, планета тұрғындарының қуанышы мен қайғысы жылдағыдай қатар жүрді.

2015 жылдың басында дүниені елең еткізген халықаралық жаңалықтардың бірі арнамызға Франциядан келді. Қаңтардың 7-де Парижде «Шарли Эбдо» журналының редакциясына шабуыл жасалып, 12 адам қаза тапты. Сол күні автоматтан 30 рет оқ атылған.

Құрбандардың ішінде екі полицей, 4 карикатурист бар. Теракт туралы алғашқы хабар осы басылым бетінде «ДАИШ» қарулы тобының жетекшісі Әбу Бәкір әл-Бағдадиді келеке еткен сурет жарық көрген соң түсті. Қанды оқиғадан соң «Шарли Эбдо» Мұхаммед Пайғамбар туралы карикатура жариялауды доғарды.

2015-те Донбасстағы соғыстың белсенділігі төмендеді. Атыстың сиреп, ауыр қару-жарақтың майдан шебінен әкетілуіне ақпанның 11-12-і күндері Беларусь астанасында өткен «норманд төрттігінің» саммиті себеп.

Сол келіссөздердің соңында Ресей, Украина, Франция, Германия өкілдері «Екінші Минск келісіміне» қол қойды. Бірақ, НАТО-ның Бас хатшысы мәлімдегендей, Донецк пен Луганск облыстарында қауіп әлі сейілген жоқ.

Йенс Столтенберг, НАТО-ның Бас хатшысы:
Біз Минск келісімінің жүзеге асуын мейлінше қолдап отырмыз. Өткен айда прогресс байқалды. Алайда, кейінгі күндері келісімнің жиі бұзылғанын көріп жүрміз. Және де зорлық-зомбылық қайта жанданады деген қауіп туындап отыр.

Сәуірде Еуропа одағында миграциялық дағдарыс туралы мәлімдемелер алғаш рет биік мінберлерден жасала бастады. «Халықтардың жаңа көші» қазір де жалғасып жатыр.

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметіне қарағанда, Қарт құрлыққа 2015 жылы Таяу Шығыс пен Африкадан кемінде миллион босқын барған екен. Үш мыңнан астам адам суға кетті.

Ал, мына фото планетамызда миллиардтаған адамның жанын түршіктірді. Сириялық 3 жасар Айланның мәйіті қыркүйекте Түркияда теңіз жағасынан табылып, қас-қағым сәтте әлемге тарады.

Еуропа Екінші дүниежүзілік соғыстан бері мұндай көшті көрген емес. Одақ елдері арасындағы шекарада күзет күшейтілді. Сондықтан, бір кездері визасыз қатынауға жол ашқан Шенген аймағының болашағы бүгінде бұлыңғыр көрінеді. Еуропалық мемлекеттер мигранттар үшін бір-бірінен іргесін аулақ ұстайтын болса, ортақ валюта – еуроның да келешегіне қауіп төнуі мүмкін.

Жан-Клод Юнкер, Еуропалық комиссияның президенті:

Мен мигранттарды орналастыру қарқынына мүлде риза емеспін. 160 мың адамға баспана береміз деп келістік. Соның 130-ы ғана орнын тапты. Мұндай жылдамдықпен біз тек 2101 жылы ғана мақсатымызға жетеміз.

Миграциялық дағдарысты күш жұмылдырып еңсермесе, Еуропа одағы күндердің-күнінде ынтымағынан жұрдай болып, күйреп тынады. Нақтырақ айтсақ, миграция мәселесінің ар жағында тұтас бір континенттің өмірі немесе өлімі тұр.


2015 жылы Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 70 жыл толды. Мамырдың 9-да Мәскеуде Жеңіс парады өтіп, оған әлемнің 26 елінің басшысы қатысты. Шеру тарихында алғаш рет Қызыл алаңда шетел жауынгерлері сап түзеп өтті.

Олардың қатарында Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Моңғолия, Қытай, Сербия және Үндістан сарбаздары болды.

Биыл мамырдың соңында дүние жұрты әлемдік спорт шенеуніктерінің арасында жемқорлардың аз еместігіне көз жеткізді. Көктемнің соңы, жаздың басында ФИФА-ның 14 жоғары лауазымды қызметкері парақорлық үшін тұтқындалды.

Қазір айып тағылғандардың саны бір АҚШ-тың өзінде 27-ге жетіп отыр. Ал, осы айда Халықаралық футбол федерациясының президенті Зепп Блаттер мен Еуропалық футбол қауымдастықтары одағының басшысы Мишель Платини 8 жылға футболдан шеттетілді.

Тергеу барысында Блаттердің Платинидің шотына 2 миллион долларға жуық ақша аударғаны расталды. Алайда, қос шенеунік өздеріне тағылған кінәні мойындамай отыр.

Зепп Блаттер, ФИФА-ның бұрынғы президенті:

Мен принципшіл адаммын. Өз еңбегіммен таппаған ақшаны алған емеспін. Этика комитетінің ешқандай дәлел келтірмей бізді қызметтен шеттетуі ұят жағдай. Спорт жөніндегі арбитраждық сотқа, Швейцария сотына дереу шағым түсірейін деп отырмын.

Шілденің 14-не қараған түн. Иран мен әлемнің алты алпауыт елінің бас дипломаттары Венада бас қосып, тарихи келісімге қол қойды. Оған сәйкес, Тегеран өзінің ядролық бағдарламасының бейбіт мақсатты көздейтінін дәлелдеуі тиіс. Ал, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі, АҚШ және Еуропа одағы Ислам Республикасын экономикалық санкциядан босатуға міндетті.

Бұл жаңалық та халықаралық нарықта мұнай бағасының түсуіне үлес қосты. Қазір «қара алтынның» бір баррелінің құны 40 доллардан төмен. Соның салдарынан энергетикалық шикізат экспорттайтын талай елдің табысы ортайды, валюта азайып, ұлттық ақшасы құнсызданды, бір сөзбен айтқанда, экономикалары дағдарысқа ұшырады. Осыған қарамастан, Иран 2016 жылдың бірінші тоқсанында-ақ әлемдік нарыққа оралып, ықпалын күшейтуге әзір.

Бижан Зангане, Иран мұнай министрі:

Біз кеніштеріміз бен ұңғымаларымызды сынадық. Олардың жұмысы жақсы. Сондықтан, өндірісті арттырып, мұнай нарығына бір миллион баррель шикізат экспорттай алатынымызға сенімдіміз.

2015 жылы қыркүйектің 30-да посткеңестік Ресей Таяу Шығысқа оралды. Сол күні орыстың әуе-ғарыш әскері президент Башар Асадтың өтініші бойынша Сириядағы қарулы топтардың бекіністерін бомбалай бастады. Бұл – Мәскеудің бұрынғы Кеңес одағы елдерінен тысқары жерде жүргізіп жатқан алғашқы әскери операциясы.

Ресеймен бірге Асад армиясына шииттік Иран да көмектесіп жатыр. Бірақ, Сирия әскері көтерілісшілермен шайқаста айтарлықтай басымдық байқата алмай отыр. Дегенмен, Сириядағы соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздерде 2015 жылы алғаш рет прогресс жасалды.

Желтоқсанның 18-де Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі резолюция қабылдады. Оған сәйкес, Араб республикасында жаңа Конституцияны әзірлеу жұмыстары басталып, 18 айда жаңа өзге үкіметті таңдайтын сайлау өтуі тиіс. Ал, оппозиция мен билік арасындағы бейбіт келіссөздер қаңтарда басталуы мүмкін.

Джон Керри, АҚШ Мемлекеттік хатшысы:

Бүгін қабылданған резолюцияға сәйкес, сенімді оппозиция мен үкімет арасындағы келіссөздердің мақсаты – алты айда тиімді әрі діни емес өтпелі үкімет құру. Содан кейін жаңа конституция қабылданып, елде 18 ай ішінде халықаралық бақылаумен сайлау өткізілуі керек.

Ресей Сирияда әуе операциясына кіріскеннен кейін бір ай өткенде, Мысырдың Синай түбегіне «Когалымавиа» компаниясының ұшағы құлады. 224 адам қаза тапты. Ресейдің Федералдық Қауіпсіздік қызметі бұл оқиғаны лаңкестік деп сипаттап, бортта бомба жарылғанын ресми түрде растады.

Қарашаның 13-де Францияда да үлкен терактілер жасалды. Париждің бірнеше ауданында оқ атылып, бомба жарылды. 130 адам мерт болып, тағы жүздегені жараланды. Екі елдегі шабуылды да көп кешікпей «ДАИШ» қарулы тобы өз мойнына алды.

Ал, желтоқсан айында әлемнің 200-ден астам елі Парижде өткен Климаттық саммит қорытындысында келісімге қол қойды. АҚШ Президенті Барак Обаманың ойынша, бұл құжат планетаны сақтауға - өте жақсы мүмкіндік.

Барак Обама АҚШ Президенті:
Қысқасы, бұл келісім Жер шарына қауіп төндіріп тұрған улы газды азайтуға жол ашады. Оның толық орындалуы климаттың өзгеруінің зардабын тартудан сақтайды. Және де бұл құжатта келер ұрпақ үшін планетаны құтқаратын зор мүмкіндік бар.

Ал, осыдан тура 10 күн бұрын Обама АҚШ пен Куба байланыстарының қалпына келгенін жариялады: жарты ғасырдан бері екі мемлекет арасында алғаш рет пошта және әуе қатынасы жанданды, елшіліктер жұмыс істей бастады.

2015 жыл Латын Америкасындағы солшылдарға оңай тимеді. Венесуэлада чавесшілдер парламенттік сайлауда жеңіліске ұшыраса, Аргентинада Кристина Фернандес де Киршнер аз дауыс жинап, президенттік лауазымды оппозицияға тапсырды.

Ал, Бразилияның социалист президенті Дильма Русефке саяси қарсыластар жемқорлық үшін импичмент жариялап отыр.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу