2022 жыл Қазақстанның мәдениет саласындағы айтулы оқиғалар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2022 жыл Қазақстанның мәдениет саласындағы айтулы оқиғалар

30.12.2022

2022 жыл Қазақстанның мәдениет саласындағы айтулы оқиғаларымен, халықаралық деңгейдегі жетістіктерімен есте қалды. Жыл сынаққа толы болғанымен, қазақтың өнерлі өрендері әлемдік сайыстарда биіктен көрінді, ел ішінде бірқатар маңызды мәдени шара өтті. Ендеше, халық жадында қалған айтулы оқиғаларды тағы бір еске салайық.

Жыл басы Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойынан бастау алды. Аты аңызға айналған, біртуар өнер иесінің ғасырлық тойы ЮНЕСКО көлемінде, Парижде, бесігін тербеген Сыр бойында аталып өтті.

Қазақтың рухани көсемі атанған алаш ардақтысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына да биыл 150 жыл толды. Жалпыұлттық жоспар құрылып, Алаштың арда азаматының мерейтойы Қазақ жерінде бастау алып, кейіннен әлемнің бірнеше елінде кең ауқыммен тойланды. Осының аясында Ұлттық банк арнайы монеталар шығарды.

Сондай-ақ, білім дариясының кемеңгері - Мұхтар Әуезовтың 125 жылдығы елеусіз қалмады. Әуезов әлемі ұлықталды. Жалпы, осы үш тұлғаның мерейтойы аясында Қазақстан бойынша 3 мыңнан астам шара ұйымдастырылған.

Күміс Сейітова, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет комитеті төрағасының орынбасары:

Биыл «Ұлттық» мәртебесі 5 республикалық деңгейдегі ұйымдарға берілді. Өнер майталмандарын қолдау мақсатында көптеген ұлттық сыйлықтар тағайындалды. «Ұмай», «Дала дауысы» сыйлығы, «Айбоз» жазушыларға арналған сыйлықтары беріліп жатыр.

2022 – «Балалар жылы» аталды. Соның аясында 1 миллион бүлдіршінді қамтыған мыңдаған шара ұйымдастырылды. Бұдан өзге, 37 мәдени мұра қайта жаңартылды. Республикалық 14 театрда 300-ге жуық жаңа спетакль қойылды. Киноөндіріс те кенде қалмады. Елде 62 киножобаны қаржыландыруға 5 жарым миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді.

Бұл ретте, биыл «Еуразия» кинофестивалінің оңтүстік шаһарда қайта жандануы отандық кино өндірісіне серпіліс бергенін атап өткен жөн.

Алматылықтарға тамаша тарту болған - Димаштың күздегі концерті. Талантты өнерпаздың Алатау баурайындағы алғашқы ән кешіне әлемнің 70-ке тарта елінен 6 мың тыңдарман келді. Осы шоу арқасында қала қазынасын толықтырды, ел экономикасына табыс келді.

Ғани Майлыбаев, қалалық мәдениет басқармасының басшысы:

Алматы қаласы 2017 жылы мәдениет саласында, соның ішінде музыка номинациясы бойынша креативті қалалар қатарына енген болатын. Бүгінгі инфрақұрылымын айтатын болсақ, 160-қа жуық мәдени нысан бар. Осы нысандарды біле тұра, Алматы үнемі көш басында болуы керек.

Осылайша, алып шаһар Алматыда биыл 6 жарым мың түрлі іс-шара ұйымдастырылған. Жалпы, мәдениет пен өнердегі, ұлттық руханияттағы үздік, елеулі оқиғалар осылай тізбектеліп кете береді. Келер жылдан да күтер жағымды жаңалық көп. Басты міндет - рухани байлық пен мәдени дәстүрімізді, өнерімізді сақтап, өркендету.

Фариза Мұсақызы


Хабарламаларға жазылу