Қарағандыда кремний шығаратын жаңа зауыт іске қосылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандыда кремний шығаратын жаңа зауыт іске қосылды

20.12.2015
Қарағандыда кремний шығаратын жаңа зауыт іске қосылды
Аса бағалы металлдан «Astana Solar» күн батареяларын шығарады.

Кез келген дағдарыстың салқыны – дамыған да дамушы да, кедей елдерге де кері әсерін тигізбей қоймайды. Қазір әр ел экономикалық ерекше кезеңнен мертікпей өтудің қамын жасап жатыр. Қазақстандық жол – инновация мен индустрия.

Индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығы былтыр басталды. Оның аясында жүзеге асқан жобалар көп. Түрлі себеппен тұралап қалғандары тағы бар. Жабылып қайта ашылғандары да жоқ емес.

Солардың бірі - Қарағандыдағы металлургиялық кремний өндіретін зауыт. Құрылысы 2007 жылы басталып, 2010 жылы іске қосылды. Алғашқы өнімдерін шығара бастағанда бір марқайған едік. Бірақ, қуаныш ұзаққа бармады.

Екі жыл дегенде кәсіпорынның шаруасы шатқаяқтап, 500-ден аса адам қызметінен босаған. Алғашқы қожайыны қарызданып, өндіріс тоқтады. Содан соң жауапсыз компания ығыстырылап, «Тау-кен темір» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшылыққа келді.

Мұнай, газ, темір менен көмір, мыс, фосфат, аллюминий. Бізде мұның бәрі бар. Бірақ олар - сарқылатын ресурстар. Шикізат бүгін, болмаса ертең бітеді. Оның үстіне бағасы күн сайын қырық құбылып, құн сүймей тұр. Ал ауа, күн, жел энергиясы – мәңгі. Бұлар – баламалы энергетика. Ал, осы баламалы энергетиканы өркендетуге кремний өндірісінің үлесі зор.

Кремний – табиғатта оттектен кейін көп тараған екінші элемент. Шайырдай жылтыр шақпақ тас жаратылыста қосылыстар түрінде ғана кездеседі. Кремнийдің шикізаты кварц деп аталады. Кварц төменгі және жоғары сортты болады.

Елімізде төменгі сортты кварцтың қоры 265 миллион, ал соңғысынікі 65 миллион. Жалпы, 99,9 пайыздық таза кварц жаһанның санаулы елінде ғана бар. Бразилия мен Мадагаскардан кейін кварц қоры мен сапасы жөнінен Қазақстан үздік үштікті түйіндейді.

Қордың саны мен сапасы – елде кремний өндірісін кемелдендіруге кепіл. Мысалы, Қарағандыдағы кремний зауытында шығатын металлургиялық кремнийдің тазалығы 99 пайыз.

Ал мына екі пеште үнемі 1 мың 800 градус жоғары температура сақталып, металл бұлақша ағып тұрады. Теңдессіз әрі заманауи зауытта тәулігіне 44 тонна өнім алынады. Жылдық қуаттылық 25 мың тонна.

Мұрат Жүкенов, «Тау-кен темір» ЖШС басқарма төрағасы:

Қазір зауыттың өндірістік қуатының 70 пайызын пайдаланып отырмыз. Көрсеткішті үш есеге дейін арттыруға болады. Ол үшін қажетті резервтерімз бар. Қазақстан үшін металлургиялық кремний өндірісі – жаңа сала.

Бірақ, бұл шақпақ тасты өндіру үшін қолбайлау бола алмайды. Мамандарымыз тәжірибелі. Жаңа жылдан бастап, кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында оқуға жіберіледі.


Білікті кадр қашанда қай саланы болмасын берекелі етеді. Жаңа жанданған кәсіпорын 380 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бірнеше ауысыммен еңбек етеді.

Жиенхан Әшім, көрікші:

1500-1600 градус температурада жұмыс істейміз. Өндіріс басшыларының қойған технологиясы автоматты түрде.

Кремний – бағалы металл. Әлемдік нарықта құны жоғары. Тоннасы 1800 доллар. Құрамында кремнийі бар өнімді шығаратын компаниялардың жылдық айналымы, сенсеңіз, жүз миллиардтаған доллармен есептеледі. Бабын тауын, бағы жанса Қарағандыдағы зауыт та ел экономикасына қыруар қаржы құяр. Үміт бар. Өнімнің 90 пайызын экспортқа жөнелтеді.

Мұрат Жүкенов, «Тау-кен темір» ЖШС басқарма төрағасы:

Бүгінгі күні біздің кремний АҚШ, Еуропа елдеріне экспортқа шығарылып жатыр. Кремний бағасы бір ай бұрын нарықта 2200 доллар болатын, қазір біршама түсті. Әйтсе де, кремний қымбат металлдар қатарына жатады. Табысы жоғары.

Әлемде экономика қауырт дамып жатыр. Осыны ескерген энергетиктер 5-6 жылдан кейін қазіргі бар қуат жеткіліксіз болатынын болжап отыр. Экономикалық өсім баяулап қалуы мүмкін. Сондықтан, баламалы энергия көздері – уақыт талабы.

Мұнай, газ түбінде түгесіледі. Түсінген жұрт түптің түбінде баламалы энергия көздерін іздеу барысында кремнийге көбірек көңіл бөле бастады.

Ал, Қазақстан ТМД елдері ішінде тұңғыш болып кремний өндірісін қолға алды. Хош. Бағалы металды өндіруге көптің батылы жетпейді. Машақаты көп. Ал көзін тапсаң, заманауи технологиялар үшін таптырмайтын элемент.

Айтпақшы, айрықша жобалардың бірі «Astana Solar» зауыты шикізат ретінде отандық кремнийді пайдаланады. Күн батареяларын шығаруға қажетті шикізат Сарыкөл кен орнынан қазылады.

Әлемдегі ең бай бес кеннің біріне жататын Сарыкөлде кварцтың 1 миллион 700 мың тоннаға жуық қоры бар. Жобамен 100 жылға жетеді. Әрі сапасы да өзге елдерден озық. Табиғи тазалығы - 99,5 пайыз мұндай кварц әлемнің 4-ақ жерінде бар.

Филлип Лэ, «ЕСМ Тechnology» компаниясының баламалы эгергия департаментінің директоры (Франция):

Сіздерден шығатын табиғи кварцтың сапасы өте жоғары. Бұл алдымен Күн сәулесін өндіруге қажетті өнімдердің өзіндік құнын арзандатады. Яғни, «ҚазПиВи» жобасына керек өнімге басы артық шығын шығарудың қажеті жоқ.

Фотоэлектрлік станциядағы 1 келі кремний өндіретін энергияның көлемі жылу электр станциясында 75 тонна мұнай жұмсап өндірілген энергиямен пара-пар. Сондықтан, кремнийді – 21 ғасырдың мұнайы деп те атайды.

Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу