«Astana Solar» зауыты Күннен қуат алатын батареяларды шетелге экспорттамақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Astana Solar» зауыты Күннен қуат алатын батареяларды шетелге экспорттамақ

15.11.2015
«Astana Solar» зауыты Күннен қуат алатын батареяларды шетелге экспорттамақ

Қазақстандық өнімге әсіресе, африкалық елдер тарапынан сұраныс көп.


Баламалы қуат көзін өндіру соңғы кездері дүниежүзінде қалыпты үрдіске айналды. Ол түсінікті де. Себебі, қазіргі қуат көздерін шығаратын шикізаттың - түбінде бір сарқылары сөзсіз. Осыны ескерген әлем елдері Күн сәулесінен қуат алуға мықтап кірісті.

Оның үстіне қазіргі адамзат бір жылда тұтынатын қуат көзін, күн сәулесі бір-ақ сағатта бере алады. Әрі Күннің энергиясы өте тиімді, экологияға еш зияны жоқ. Демек, халықаралық EXPO көрмесін өткізіп, «жасыл» экономиканың жаңалығын жер жаһанға өнеге еткелі отырған еліміз үшін Күн көзінен қуат өндіретін зауыттар керек-ақ.

Еліміздегі айрықша жобалардың бірі - «Astana Solar» зауыты. Авторы - Нұрсұлтан Назарбаев. 2012 жылы ашылған зауыт фотоэлектрлі модуль, яғни, күн батареясы өз өнімін шетелге де сата бастады.

Күн сәулесінен қуат өндіру АҚШ, Германия, Франция, Испания, Италия, Жапония, Оңтүстік Корея және Қытай елдерінде жақсы дамыған. Енді солардың қатарына Қазақстан да қосылды. Қосылып қана қоймай, әлемнің басқа мемлекеттерін сапалы өніммен қамтамасыз ете алатын экспорттаушы елге айналды.

Қазақстандық өнімге әсіресе, африкалық елдер тарапынан сұраныс жоғары. Мұндай зауыт посткеңестік елдерде әлі жоқ. Сондықтан, зауыт өнімін Ресей көптеп сатып алады.

Рустам Османбеков, инженер:

Қазақстанда алып жатқан адамдар саны жеткілікті. Ол жай ғана қарапайым адамдар. Қаланың ішінде тұрған, шалғай орналасқан ауылдар. Сонымен қатар, ірі-ірі компаниялар. Қазақстанның бүкіл облысында біздің өніміміз тараған. Сонымен қатар, Ресейдің Астрахань облысына 250 киловаттық партия сатылып кетті.

Зауыт шығарып отырған күн батареясына қажетті шикізаттың барлығы өзімізде өндіріліп, өзімізде өңделеді. Таза қазақстандық жаңа брендке қажет шикізат Сарыкөл кен орнынан қазылады.

Оның үстіне Сарыкөлдегі кен қоры жағынан әлемдегі ең бай бес кеннің бірі. Мұнда кварцтың 1 миллион 700 мың тоннаға жуық қоры бар. Әрі бұл кеннен қазылатын шикізаттың сапасымен әлемде ешкім бәсекелесе алмайды.

Филлип Лэ, «ЕСМ Тechnology» компаниясының Баламалы эгергия департаментінің директоры (Франция):

Сіздерден шығатын табиғи кварцтың сапасы өте жоғары. Бұл алдымен, Күн сәулесін өндіруге қажетті өнімдердің өзіндік құнын арзандатады. Яғни, «ҚазПиВи» жобасына керек өнімге басы артық шығын шығарудың қажеті жоқ.

Сарыкөлдің шикізатынан кварц өндіріліп, оны өңдеу арқылы сапалы кремний алынады. Осылайша, бірінші сатыдан өткен өнім «Astana Solar»-дың Өскемендегі зауытына жөнелтіледі.

Ал, Өскемендегі зауытта кремнийден құймалар жасалып, олар блоктар мен пластиналар пішінде кесіледі. Сарыкөлден келген өнім бұл жерде түрлі көлемдегі пештерде балқытылады.

Сосын арнайы техникамен теп-тегіс болып кесілген соң фотовольтаикаға қажетті тақтайшалар әзірлейтін келесі цехқа жөнелтіледі. Ал, одан Астанадағы зауытта түпкі өнім ретінде күн модулінің негізгі құрамдас бөлігі – фотоэлектрлі ұяшықтар жасалады.

Айнұр Омар, тілші:
Күн батареясы мына сияқты төртбұрыш қалыптардан құралады. Оны жалаң қолмен ұстауға болмайды. Міндетті түрде арнайы қолғап кию керек. Әйтпесе, қолдың ізі қалады.

Қолдың ізі түссе, оның Күн сәулесін өткізгіштік қасиеті төмендейді. Өздеріңіз байқап отырсыздар, зауытта қол еңбегі аз. Барлығы автоматтандырылған. Мамандар өнімді тек бақылап, тексеріп тұрады.


Ивон Пеллегрин, «SEMCO engineering» компаниясының президенті (Франция):

Сіздердегі жүйе түгел автоматтандырылған. Оның үстіне зауыттың жұмысы қазақстандық өнімге негізделгендіктен, мұндай кәсіпорындар әлемде некен-саяқ. Тіпті, жоқ деуге болады.

Ал, өнімнің сапасы туралы артық сөз айтудың өзі қиын. Іске кіріскеніне аз уақыт болғанына қарамастан, қазақстандық фотовольтаикалар дүниежүзіндегі ең үздік өнім саналады.


Индустриялық-инновациялық бағытта дамуды бетке алған еліміз үшін «Astana Solar»-дың алатын орны ерекше. Ең маңыздысы, заманауи зауыттың өнімдеріне сұраныс көп.

Кәсіпорын қазірдің өзінде күн модульдерінен шағын станциялар жобалап, іске қоса бастады. Оның алғашқысы Жаңақорғандағы күкірт қышқылы зауытына арнап салынды. Қуаты 0,5 МВт-тық күн электр станциясы қазір шағын кентті түгел электрмен қамтып отыр.

Болашақта Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарында жалпы қуаты 4 МВ-тық бірнеше станциялар салу жоспарланған. Тұтынушылар қатарын барынша кеңейтуді көздеген «Astana Solar» әр аймақтың климатына бейім өнімдерді өндіруді де қолға алды. Мемлекет тарапынан берілетін көмек те бар.

Қанат Есқазиев, инженер-технолог:
Бес киловатқа дейін фотоэлектрлі модуль алғандарға мемлекет көмектеседі. Яғни, 50 пайызын төлейді. Бұл бағдарлама бойынша Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облысы, Ақтау қаласы көмек алды. Бұл - болашақтың энергиясы. Еліміздің климаты қатаң өңірлері күн сәулесінен қуат алатын қондырғыға күдікпен қарайды.

Сенбейді. Бірақ, Қазақстанның Күн инсталициясы Еуропа елдерінен әлдеқайда жақсы. Мысалы, Германияда Күн сәулесінің белсенділігі бізден әлдеқайда төмен. Бірақ, мемлекет энергияның осы түріне көшкен тұрғындарына көп жеңілдіктер жасайды.


Мұндай зауыттар еліміз үшін мүлде жаңа салаға қажетті мамандар даярлау ісін өндірістік нысандар құрылысымен қатар реттеді. Өскемен, Қарағанды сияқты индустриалды аймақтардан білікті мамандар шақырып, оларды шетелде арнайы дайындық курстарынан өткізді.

Өз кезегінде шеттен оқып келгендер білімі мен тәжірибелерін жастарға үйретті. Сөйтіп, сырттан маман шақырмай, жаңа саланың алғашқы қарлығаштарын да өздері тәрбиеледі. Солардың бірі жас - технолог Назым Сүлейман.

Назым Сүлейман, технолог:

Бір қуанарлығы, мұндағы жұмыскерлердің көбі әлі 30-ға толмаған жастар. Зауытта қазіргі заманғы жоғары технология орналастырылған. Осындай жабдықтармен жұмыс жасау үшін біз Франция және Испанияның білікті мамандарынан тәлім алған болатынбыз. Алған біліміміз бен тәжірибеміз жұмысымызды ойдағыдай атқарып, сапалы өнім өндіруге мүмкіндік береді.

Елордадағы «Astana Solar» зауытымен серіктестік орнатып, қоян-қолтық жұмыс істеуге ниет білдіріп жатқан шетелдік компаниялар көп қазір. Солардың бірі - «Qatar Solar Energy» кәсіпорны.

Жуырда Елбасының Дохаға сапары кезінде қазақ салған зауытқа қайран қалған катарлықтар өз елінде «Astana Solar»-мен бірлесіп, бірегей жоба жасау үшін арнайы келісімді бекітті.

Салим Аббаси, «Qatar Solar Energy» компаниясының бас директоры:

Аз жылдың ішінде адам танымастай өзгерген Астанада қазір құрылыс саласы ғана емес, өндірістер де өркендеп келеді. Біз тұрған «Astana Solar» зауыты соның дәлелі. Әрі мен мұндай зауытта әлем елдерінің ешқайсысынан кездестірген емеспін.

Сіздермен бірлесіп, Катарда серпінді жобаны жүзеге асырсақ, екі ел арасындағы ынтымақтастық бұрынғыдан да нығая түсер еді. Менің білуімше, Астананы айдай әлемге танытуда Қазақ Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі ерен. Сондықтан да, Қазақ елімен баянды байланыс орнату бізге үлкен мәртебе болмақ.


Баламалы қуат көзі – уақыт талабы. Тиімділігі де, пайдасы да орасан. «Astana Solar» зауыты өнімнің еселеп артатынына сенеді. Өйткені, оның өніміне шетел түгілі, шалғай жатқан ауылдың қарапайым азамттары да қызығушылық танытып отыр. Тек күн нұры сөнбесін, ал одан қуат алатын батареялар 25 жыл жұмыс істеуге қауқарлы.

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу