Араб қауымындағы шағын да болса шымыр жұрттың экономикасы өте қауқарлы. 2014 жылы жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 100 мың доллардын асқан. Бұл халықаралық валюта қорының дерегі. Ертенің қазағы «аздың ашпын, көптің тоқпын» деп, нақыл қалдырыпты. Катар – халқы аз, мұнайы мол ел. 2 млн 280 мың адам тұрады. Оның көбі жұмыс пен тәуір тірлік іздеп жағдайы нашар мекендерден келгендер. Катар Қазақ елін орталық Азиядағы сенімді серік қылғысы келетіні аңғарылады. Өткен жылы ғана Катар әмірі Тамим бен Хамад Әл Тәни Астанаға келіп қайтқан. Енді, қазақ Презиенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Катарға ресми сапар жоспарлап отыр.
Еркін Таңатқанұлы, тілші:
Дохада биік ғимарат көп, Астанаға ептеп келеді. Мұнай саудасына негізделген экономикасы көп жыл қарқынды дамыды, бұл жөнінен де бізге ұқсастық бар. Өңірлік және халықаралық саясатта белсенді. Әрине, өмір салты, қоғамдық құрылыс пен менталитет жер мен көктей. Дегенмен екі жұртта да ұқсас мұрат бар. Әлемдегі озықтар санатына ену.
Катар имидж жобаларға қаржыны көп салатын ел. Халықаралық форумдар, саммиттер мен конференциялар көп өтеді. Жаһандық деңгейдегі спорт жарыстары да көп ұйымдастыралады. Мысалы 2022 жылы футболдан Әлем чемпионатын өткізуді жоспарлап қойған. Ең қымбат, ең қызықты ат жарыстары Дохада жыл сайын өтеді. Таза қанды арғымақтарды күтіп-баптауда Катар арабтары ешкіме есе жібермейді.
Бірақ, бүкіл дүние қызық-думанға ғана байланып тұрмағаны анық. Катар осындай сайыстарды ұйымдастыру арқылы бизнес-туризмді дамытуды аңсайды. Бұл - ел үкіметі межелеген ең негізгі міндеттердің бірі.
Қазақстан мен Катар қазір инвестициялық және экономикалық әріптестікке баса мән беріп отыр. Катардың инвест-қоры Қазақстанның инфроқұрылымдық қорына 100 млн доллар инвестициямен кіруге ынта білдірді.
Тағы бір ірі жоба – фотоэлектрикалық ұяшықтар шығаратын кәсіпорынды бірге салуға деген ұмтылыс. «Қазтомөнеркәсіп» мен «Qatar Solar Energy» қазір келіссөздердің соңғы деңгейіне өтті. Жоспар - Өскеменде бірлескен кәіспорын ашып, қазақ кремнийінен фотоэлектрикалық ұяшықтарды жасап, Катарда жинап, ары қарай АҚШ-қа сату. Тартылатын инфестиция көлемі 800 млн доллар.
Набих Шерради, «Qatar Solar Energy» компаниясының техникалық департаменті директоры:
Бұл әрине, жаңа технолгия, озық тәжірибе. Қазіргі атқарылып жатқан істерді осы саладағы алғашқы қадамдар деп, бағалау керек. Негізгі мақсат энергия алудың ең тиімді әрі арзан көзін табу. Бұл ретте Қазақстан мен Катар ынтымағы берекелі болады деп пайымдаймыз.
Біз «Qatar Solar Energy» компаниясының кеңсесіне барған кезде осы күн шұғыласынан энергия алу ісімен шұғылданып жүрген қазақстандық компания өкілдерімен кездейсоқ жолықтық. «АBM Grup» компаниясы «Qatar Solar Energy» мен бірге Қапшағай маңынан күн-энергиясы станциясын салмақ ниетте екен. Алғашқы келісімдер бекіп жатты.
Азамат Молдақасымов, «АBM Grup» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы:
Біз Уругвайда, Чилиде осындай күнен электр ала-алатын станциялар электростанциялар салдық. Бұл компанияның біздің Қазақстанға кіріп жатқаны өте маңызды. Неге десеңіз біздің кремнийдің сапасы өте жоғары.
Қазақ кремнийі сапалы екенін бізге «Qatar Solar Energy» мамандары да жиі айтты. Ал, «Қазатомпром» үлкен келісімді әзірлеп, соңғы белеске жетті. Яғни, дәл осы - күнен энергия алу ісінде Қазақстан-Катар ынтымағының болашағы зор болып тұр.
Ахмед Аббасси, «Qatar Solar Energy» компаниясының бас менеджері:
Қазақстанмен келісімшарт түзуге қуаныштымыз және ынтылымыз. Бұл Қазақстан мен Катар арасында нақты осы саладағы елеулі қадам. Сондай-ақ, бұл іс болашақ ұрпақ үшін жасалып отырғанын атап өткен абзал.
Негізі мұнай мен газдың есебінен байыған Катар өзге жұртқа инвестиция салуға қауқарлы. Ал, Қазақстан жаңа экономикалық саясатында Қазақстан-Түркіменстан-Иран теміржолы арқылы Парсы шығанағы, Таяу-Шығыс пен Африка нарықтарына ұмтылып отыр. Яғни, Катар мен Қазақстан болашақ тығыз байланыстардан үмітсіз емес.
Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ